Түркістанда Halyk Bank-тің облыстық филиалының заманауи жаңа ғимараты ашылды
Рухани шаһардан Halyk Bank-тің облыстық филиалының заманауи жаңа ғимараты салтанатты түрде ашылды.
Осылайша, елге қызмет көрсетуден көшбасшы саналатын қаржы ұйымының бірі Halyk Bank Түркістан облысындағы қызметін нығайтпақ.
Halyk Bank-тің Түркістанда ашылған облыстық филиалының жаңа ғимаратын тұтас кешен деуге болады. Сәулеті мен дизайны қатар үйлескен нысан көркі көздің жауын алады. Мұнда клиенттерге ақпараттық кеңес беруден бастап несиені қалай рәсімдеуге дейін сапалы қызмет көрсетіледі. Жаңа ғимараттың ашылуына арнайы қатысқан өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев қаржылық институттардың ішінде абыройлы асқақ Halyk Bank-тің қызмет көрсету түрлері көбейіп, сапасы артарына сенім білдірді.
Өмірзақ Шөкеев, облыс әкімі:
- Кәсіпкерлердің бізге айтатын өтініші – Түркістанда үлкен банктердің филиалы, өздерінің ғимараты жоқ. Біз Шымкент қаласына барып, несие алуға мәжбүрміз деп айтатын. Бүгін қуанышты күн. Үміт Болатханқызы өзі бастама көтеріп, қалада коммерциялық банктар арасында бірінші болып өз ғимаратын салып, ашып отыр. Біздің кәсіпкерлер банк қызметін өз игілігіне пайдалансын.
Halyk Bank-тің Түркістандағы алғашқы филиалы осыдан 2,5 жыл бұрын ашылды. Ол шағын ғимаратта орналасқанымен өңір кәсіпкерлерін қолдауға 130 млрд теңгеден астам қаражат бағыттады. Биылдың өзінде 435 шағын және орта бизнес өкіліне 9 млрд теңге көлемінде субсидия берді. 6 млрд теңгеге 6 ірі жобаны қаржыландырды. 430 кәсіпкер 1,6 млрд теңге көлемінде несие алды.
Үміт Шаяхметова, Halyk Bank басқарма төрайымы:
- Біз бизнесті жеке дербес филиал ретінде ұлғайттық. Соңғы жылдары несие портфелі 140 млрд теңге болды. Бизнес, кәсіпкерлік, жеке және заңды тұлғаларды несиелендіру деңгейі өте жақсы көрсеткішке жетті.
Halyk Bank-тің Түркістан филиалы 2,5 жылдың ішінде барлық негізгі көрсеткіштер бойынша қарқынды өсті. Бүгінгі таңда облыста банктің 30-дан астам бөлімшесі мен 254 банкомат жұмыс істейді. Банк картасын пайдаланушылардың саны 430 мыңнан асты. Ал депозиттік портфель 43 млрд теңгеге жетті. Бұл – өңірдегі барлық депозиттік портфелдердің тең жартысы. Halyk Bankі халыққа сапалы қызмет көрсетуге дайын.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш