ШҚО-дағы Прогресс ауылында ауызсу мәселесі шешілді
Тозығы жеткен ескі құбыр істен шығып, оны жаңарту жұмысы ұзаққа созылған. Осы тұста тұрғындар елді мекен сыртындағы жалғыз құдыққа кезекке тұрған. Шілденің шіліңгір ыстығында кенезесі кепкен жұрттың ауызсу мәселесін аймақтағы атқарушы билікке жеткізу үшін біздің осы облыстағы тілшілеріміз
бірнеше бейнематериал әзірген. Нәтижесінде су құбыры 1 айда жаңартылып, халық тіршілік нәріне қарық болды.
Аңқасы кепкен ауыл тұрғындары ала жаздай су тасыды. Сол кезде әсіресе көпқабатты үйлердегі тұрғындар қиналды. Орталық құбырдың кенезесі сәуір айында кеуіп қалған. Бірақ оған қарамастан халыққа ай сайын су төлем түбіртегі келген.
Александра Федотова, Прогресс ауылының тұрғыны:
- Сәуір айында әкімдікке барып, судың мәселесін айттық. Ондағы жауапты қызметкерлер: «Бір апта күтіңдер, тендер жарияладық», – деді. Одан бір аптадан соң, мердігермен келісім жасалғанын айтты. Міне, содан бері үш ай өтті. Бірақ су әлі жоқ.
Аптап ыстықта амалы таусылған тұрғындар шағымын аудан, облыс басшылығына біздің арна арқылы жеткізді. Аядай ғана ауылдағы ауызсу мәселесіне қатысты бір жазда 3 бейнематариал эфирден көрсетілді. Аудандағы осы салаға жауапты мамандар ауылдағы жарылған су құбырын дер кезінде жөндеуге қаржының жоқтығын айтып ақталған. Дегенмен эфирден материал өткен соң қаржы мәселесі де шешілді. Үш ай тесігі жамалмаған құбыр үш аптада толық жаңаланды. Қазір атқарылған жұмысқа халық та, ұлық та разы.
Александра Горохова, Прогресс ауылының тұрғыны:
- Жұмыстың жеделдеуіне журналистердің көмегі көп тиді. Жалпы мұндай мәселеде қоғамның назары ауса, соғұрлым жұмыс жақсы істеледі деп ойлаймын.
Жалпы бұл ауылдағы су құбыры 10 шақырымнан асады. Биыл 700 метрі жаңаланды. Нәтижесінде көппәтерлі үйлерге су үздіксіз келіп тұр.
Биыл аймақта 98 ауылға орталық су құбыры тартылды. Атқарушы билік: «Алдағы 4 жылда облыстағы елді мекендер 100% орталық су жүйесіне қосылады», – деп сендіріп отыр. Ал бұл жоспар қаншалықты орындалатын уақыт көрсетеді.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин