Хабар телеарнасы

Ресми мәлімет: 95 полицей жарақат алып, 37 автокөлік бүлінген

Жергілікті атқарушы органдар мен прокуратураның ескертулеріне қарамастан азаматтар арандатушылық шақыруларға еріп, тұрақтылыққа және халықтың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін заңсыз әрекеттер жасай бастады. Сонымен қатар азаматтардың жекелеген топтары жолдарды жауып, қоғамдық тәртіпті, халықтың тыныштығын және елді мекендердің тіршілігін қамтамасыз ету жүйесін бұзып, көлік қозғалысына тосқауыл қойды. Бұған қоса құқық қорғау және құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басқа да органдардың қызметкерлеріне шабуыл жасалды. Бұл – еліміздің Ішкі істер министрлігінің ресми мәліметі.

Алматы, Шымкент және Тараз қалаларында әкімдіктерге шабуыл жасалып, әйнектері мен есіктерін сындырды, басқа да материалдық залал келтірілді. Тастарды, таяқтарды, газ, бұрыш баллондарын және жанғыш қоспасы бар бөтелкелерді пайдалану жағдайлары болды. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында полиция қоғамдық тәртіпті бұзудың жолын кесу және тәртіп бұзушыларды ұстау бойынша заңда көзделген шараларды қабылдады.

Заңсыз әрекеттердің салдарынан Ішкі істер органдарының 95 қызметкеріне дене жарақаттары келтірілген. 37 қызметтік автокөлік бүлінген. Билік өкілдеріне қарсы күш қолдану, бұзақылық және мемлекеттік органдардың ғимараттарына шабуыл жасаудың 13 фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін 200-ден астам адам ұсталды. Ішкі істер органдары халықтың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету жөнінде барлық қажет шараны қабылдап жатыр.