Ауыл шаруашылығына қолдау қажет
Оның дерегінше, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге нарықтық бағадан 15% төмен, кемінде 380 мың тонна арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз ету мәселелері шешілуде. Отандық минералды тыңайтқыш өндірушілермен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің қажеттіліктерін толық қамтамасыз ету туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Тұқым, тыңайтқыш пен пестицид сатып алуды субсидиялауға 2022 жылы 70 млрд теңге көзделді. «Облыстардың деректері бойынша, биыл ауыл шаруашылығы дақылдарын 22,9 млн гектар алаңға егу жоспарланып отыр. Бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 13,5 мың гектарға көп. Облыс әкімдіктері агротехнологияларды сақтау, ылғал ресурстарын үнемдеу технологияларын қолдану өлшемшарттарын міндетті түрде сақтай отырып, оларды кеңінен пайдалану арқылы қолда бар ылғал қорларын сақтау, ұқыпты пайдалану шараларын қабылдауы қажет. «Жалпы көктемгі дала жұмыстарына дайындық жоспарлы режимде жүріп жатыр», - деді министр.
Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Өткен жылғы құрғақшылық, сондай-ақ қосалқы бөлшектер, жанар-жағармай, минералды тыңайтқыштар мен пестицидтер бағаларының күрт өсуі алдағы көктемгі егісті уақытылы дайындау және сапалы жүргізу үшін елеулі қиындықтар туғызуда. Осыған байланысты фермерлерге қолдау көрсету мақсатында республикалық бюджетті нақтылау кезінде көктемгі дала жұмыстарына бюджеттік кредитті ұлғайту мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз.