Кәсіпкерлер қазақ-қытай шекарасынан тауар жеткізе алмай дал
Отандық кәсіпкерлер қазір аспан асты елінен тапсырыс берген тауарларын уақытылы жеткізе алмай отыр. Қазір жүк тиелген 9,5 мың контейнердің Қазақстанға тасымалдануы кешігіп жатыр. Бұл – теміржолдағы мәселе. Одан бөлек 12 мың автокөлік электрондық кезекте тұр. Соның кесірінен кәсіпкерлер тапсырыс берушілердің алдындағы міндетін орындай алмай, екі жақ та миллиардтаған шығынға батып отыр. Ең сорақысы, кәсіпкерлер жүктің кешіктірілу себебін біле алмай әлек.
Қазақстан-Қытай шекарасынан тауар жеткізе алмай дал болған кәсіпкерлер саны 200-ден асады. Бұл «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына шағымданғандарының саны ғана. Тауарларын жарты жылдап күтіп, келісімшарттарын орындай алмай тығырыққа тірелген.
Жұмасарлық Төлеубекұлы, ҚР Лифтшілер қауымдастығы төрағасының кеңесшісі:
- Тауарларды тасымалдау уақытын 120 күнге созып жіберді, бұрын 25-35 күнде жеткізілетін. Тапсырыс берушілер сотқа беріп, кәсіпкерлер жүздеген миллион теңгеге шығынға батып жатыр. Сот форс-мажорды ескермейді. Жүк не себепті кешіктірілетінін ешкім түсіндірмейді.
Оксана Сорокина, отандық логистикалық компания директоры:
- Кәсіпкерлермен қатар тапсырыс берушілер де шығынға ұшырап отыр. Оның кесірінен мемлекетке де салық төленбейді ғой. Қатты қиналып кеттік. Барлық мемлекеттік органға өтініш жазып жатырмыз, біздің жанайқайымызды естісе дейміз.
«Баяғы жартас сол жартас, мәселенің шешімі сиырқұйымшақтанып, 1,5 жыл созылып келеді», - дейді кәсіпкерлер палатасының өкілдері. Әлі күнге 9,5 мың контейнер жүк Қытай аумағында кідіруде. Тауар тиелген 12 автокөлік Қазақстанға кіре алмай тұр. Сыртқы істер министрлігіне отандық импорттаушылардың үш бірдей тізімі берілгенімен, мәселе әлі шешілмеген.
Мұрат Әмрин, «Атамекен» ҰКП Логистика және тасымалдау департаментінің директоры:
- Жүк тиелген 9 жарым мың вагон елге жеткізілмеген. Ал электрондық кезекте 12 мың автокөлік тұр. Бұл жерде кеден бекеті арқылы өтетін жүк ағынын ұлғайту мәселесі тұр. Біз Үкімет Қытаймен келісіп, мәселені жылдам шешсе дейміз.
Былтырдан бері сең қозғалмады деп айтуға келмейді, әрине. Бірақ жүк тиелген вагондар тым баяу тасымалдануда. Ол аралықта кәсіпкерлер шығынға батты. Сол себепті қазір кәсіпкерлерге форс-мажор сертификаты рәсімделе басталған.
Дархан Мұратхан, «Атамекен» ҰКП Логистика және тасымалдау департаменті директорының орынбасары:
- Кәсіпкерлердің шығыны миллиардтап есептеліп жатыр. Себебі тауарларын тым ұзақ күтті. Мемлекеттік сатып алуға қатысқан кәсіпкерлерге негіздемелеріне қарап, қазір 300-ге жуық форс-мажор сертификатын табыстады. Тауар құны – 2,9 млрд теңге. Қытайлық контрагенттермен мәселе туындап отыр, ешқандай негізсіз жүк тиелген контейнерлер жіберілмей жатыр. Үкімет араласпаса, мәселе толық шешілмейді.
Тағы бір күрделі мәселе – тасымал қызметі тарифінің өсуі. Бұл тауар құны мен инфляцияға әсер етеді. Осылайша, Қытай жағында тиеу қызметі 1 автокөлік құралы үшін 150 000 юаньға дейін өскен, бұл тіпті жалпы тасымалдау құнынан да асып түседі.
Тимур Жаркенов, ҚР Өнеркәсіп иелері және кәсіпкерлер одағының төрағасы:
- Көлік арқылы жеткізілетін жүк мәселесі ушығып барады. Бұл жерде екі монополия бар. Бірі – экономикалық оператор арқылы, екіншісі – барлық тауар айналымын реттейтін коммерциялық компания. Оларды мемлекет меншігіне өткізу керек деп санаймын. Олардың қызметін толық тексеру керек.
Кәсіпкерлер одағының өкілі шекарадағы ақпараттық жүйені басқаратын компания бизнес иелерімен ақылдаспай өз параметрлерін енгізгендіктен, тауар құны біренше есе қымбатқа шығып отыр. «Шұғыл түрде кәсіп иелерімен ақылдасу алаңын құрған жөн», - дейді мамандар.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Наурызбай Құрманғазы