Арыс қаласында көпбалалы екі отбасыға демеушілер үй салып берді
Баспанаға мұқтаж жандарға тұрғын үйді қайырымдылық қоры мен демеушілер бірлесіп салып берді. Алайда көпбалалы отбасылар соңғы сәтке дейін өздерінің баспаналы болатынын білмеген. Осылайша, бірнеше бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты аналар аяқ астынан тосын сыйға кенелді.
Жеті баланың анасы Эльмира Əбекова осы кезге дейін бала-шағасымен жалдамалы пәтерде тұрып келген. Оған шамасы келмей қалған кездерде саяжай мен қараусыз қалған үйлерді паналапты. Жалызбасты ана осы уақытқа дейін мемлекет тарапынан балаларына берілетін жәрдемақымен жан баққан. Оның үстіне жол апатына түсіп, жұмысқа жарамсыз болып қалған. Алайда баспаналы боламын деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмегенін айтады.
Эльмира Әбекова, көпбалалы ана:
- Ойда жоқта осындай қуанышқа тап болдық. Бәріне көп рақмет! Қуанышымызда шек жоқ. «Бір отбасына үй беріледі. Соны көріп, тамашалап, тілеулес болып қайтасыздар», - деп әкелген. Осыдан бір апта бұрын түсімде дәл осы қызым ұстап тұрған кілтті маған бір кісі берді. Жаңа өңімде көріп, таңғалып тұрмын.
Ал баспана алу бақытына ие болған екінші отбасының төрт перзенті бар. Рано Әбсейітова осыдан 2 жыл бұрын асыраушысынан айырылып қалған. Жеке баспанасы болмағандықтан осы күнге дейін балаларымен бірге анасының үйінде тұрып, жәрдемақымен күнелтіп келген.
Рано Әбсейітова, көпбалалы ана:
- Әуелі Алла, одан кейін осы жомарт жандардың арқасында баспаналы болып отырмын. Шыны керек, арманымда шек жоқ. Қуаныштымын. Сондай күндерді маған нәсіп етші деп Алладан тілеп едім. Бүгін сәті туып тұр. Бүгін нәсіп етті.
Қайырымдылық қоры мен демеушілердің көмегі есебінен салынған екі тұрғын үйдің жалпы аумағы – 101 шаршы метр. Мұнда екі бөлмеден бөлек ас үй және жуыну бөлмесі қарастырылған. Ал қабырғасы күйген қыштан тұрғызылып, іші-сырты заманауи үлгідегі құрылыс материалдарымен қапталған.
Қанат Бекшораев, кәсіпкер:
- Осы мұқтаж жандарға үйдің қажет екенін айтқан. Әкімшілік өз тарапынан жер бөліп берген. Біз өз тарапымыздан қаржыландырып, осы көпбалалы жалғызбасты аналарды үймен қамтамасыз еттік. Бұдан да басқа біз бес отбасына қаржылай көмектесеміз. Барлығы – мұқтаж және әлеуметтік жағдайы төмен жандар. Одан бөлек азық-түлікпен көмектесеміз.
Бұл қор былтыр құрылған. Қысқа уақыт ішінде өкілдері әлеуметтік жағдайы төмен жүздеген отбасыны отын-сумен, азық-түлігі, киім-кешек сияқты күнделікті қажеттіліктермен қамтамасыз етіп келеді. Бұдан бөлек, 9 ай ішінде төрт отбасына баспаналы болу бақытын сыйлап отыр.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш