Погон таққан ару Алматыдағы ювеналды полиция бөлімін басқарып отыр
Десе де тәртіп сақшыларының қатарында ер-азаматтармен иық тірестіріп жұмыс істеп жүрген нәзік жандар да бар.
Солардың бірі Алматы қаласы полиция департаментінің Жергілікті полиция басқармасы Ювеналды полиция бөлімін басқарып отырған, Жанна Шонжанова.
Жанна бала кезінен полиция болуды армандаған. Алғашқы кезде олардың формасына қызыққан. Кейін өсе келе жауапкершілігі зор мамандықтың иесі атануға бекініпті. Міне, 15 жылдан астам уақыт бойы құқық қорғау саласында еңбек етіп келеді. Нақтырақ айтқанда, кәмелетке толмаған балалардың құқықтарын қорғайтын Ювеналды полицияда қызмет істейді.
Жанна Шонжанова, Қалалық ПД ЖПҚБ Ювеналды полиция бөлімінің бастығы:
- Біздің міндетіміз – кәмелет жасқа толмағандардың құқығын, бостандығын, заңды мүдделерін қорғау; қиын өмір жағдайында қалған балаларды анықтау. Өз міндетін дұрыс атқармайтын ата-аналарды анықтап, оларды дұрыс жолға салу.
Жанна осы жылдар ішінде талай баланың түзу жолға түсуіне көмегін тигізді. Әсіресе 13 жастағы Евгенияның оқиғасы әлі есінде. Сол кезде жасөспірімнің ата-анасы қайтыс болып, әжесінің қамқорлығында қалады. Ол оған бағынбай көше кезе бастайды. Сол кезде мектеп инспекторы болып жұмыс істейтін Жанна қыздың тәрбиесіне шындап кіріседі. Содан бері неше жыл өтсе де олар әлі араласып тұрады.
Жанна Шонжанова, Қалалық ПД ЖПҚБ Ювеналды полиция бөлімінің бастығы:
- Ювеналды полиция болмаса, оның жағдайы мүлдем басқаша болар ма еді. Көшеде жүруші ме еді. Қазір өзінің отбасы бар. Екі бала өсіріп, тәрбиелеп отырған ана. Сондай кездерді көргенде, әрине, қуанамыз.
Жаннаның отбасы да қызметіне құрметпен қарайды. Тәулік санамай жұмыс істейтін кездерде түсіністік танытады. Полицияға деген құрметтен болар, ұлы да анасының жолын қуғысы келеді. Қазір осы салада жоғары білім алып жатыр. Ал Жанна балалардың әке-шешелерінен ажырамауын тілейді. Сондай-ақ ата-аналар ұрпақ тәрбиесіне аса мұқият болса екен дейді.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Нұрдәулет Жақсыбаев