Қостанай облысындағы Ершов ауылының тұрғындары Мәдениет үйінің жоқтығына шағымданды
Ал бұл салада кемшін тұстар аз емес. Әсіресе ауылдық жерлерде мәдениет, спорт инфрақұрылымы жұтаң. Жасөспірімдердің бос уақытын өткізетін ойын алаңдары, сауық орындары жетіспейді. Қостанай облысының Ұзынкөл ауданындағы Ершов ауылының тұрғындары өңір басшысы алдында осындай мәселе көтерді.
Ауыл балалары: «Қаладағыдай бізде де өнер, білім көкжиегін кеңейтетіндей мүмкіндіктер болса», – дейді. Ершов орта мектебінің өз ішінде кір тасын көтеру, волейбол, пневматикалық мылтықпен нысана ату секциялары бар екен. Бірақ шеберлікті шыңдауға қажет жабдықтар жетіспейтінін балалар ашық айтып отыр. Ал мектеп директорының пікірі бізде бәрі жақсы дегенге саяды.
Ирина Романюк, Ершов орта мектебі директорының міндетін атқарушы:
- Бізде балалардың барлығы 100% секциямен қамтылған. Бастауыш сыныптар ерікті түрде би үйірмесіне қатысса, қалғандары волонтерлікпен, қол өнерімен, кір тасын көтеру спортымен айналысады.
Ершов ауылы тұрғындарының саны 1500-ге жуық. Селолық округтың орталығы саналады. Осы тірек ауылда не мәдениет үйі, не кітапхана, не спорт нысаны жоқ.
Бағытжан Ағытаева, Ершов ауылының тұрғыны:
- Балалар ауылда болу үшін, бірдеңемен айналысатындай жағдай болу керек. Мәдениет үйі болса, бір мезгіл биге барады. Бізге кітапхана, спорт алаңы жетіспейді. Әйтеуір балаларға балабақша, мектеп бар, одан басқа түк те жоқ.
Облыс әкімінің есеп беру жиынында Ершов тұрғындары осы жайтты өзекті мәселелердің бірі ретінде көтерді. Өз кезегінде өңір басшысы ауылда биыл мәдениет үйінің құрылысы басталатынын айтты. Жаңа ғимарат бой көтеретін алаңқайды да дайындап қойыпты.
Талғат Сақтағанов, Меңдіқара ауданы әкімінің орынбасары:
- Жоба дайын, сараптамадан өтті. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша мәдениет үйін салуға 188 млн теңге бөлінді. Құрылысты мамыр айының ортасында бастап, қазан айында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Ол кең, салалы болады. Көрермен залынан тыс би, жаттығу орындары, тігін цехы, шеберлік бөлмелері ашылады.
Бұл игі іске жергілікті кәсіпкерлер де өз үлестерін қоспақ. Алдын ала келісім бойынша олар спорт жабдықтарын, басқа да керек-жарақтарды алуға 20 млн теңге бөледі.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг