Түркістан облысының Қазығұрт ауданындағы бес ауыл су астында қалды
Апат болған ауылдарда арнайы техникалардың көмегімен су сору жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
- Нөсер жауынның салдарынан жапа шеккен үйдің бірі – Қақпақ ауылдық округіндегі Заңғар елді мекені. Үй иесінің айтуынша, су деңгейі 1,5 метрге дейін көтерілген. Ал үй үшіндегі су тізеден асады. Мұнда көріп тұрғандарыңыздай, баспананың іргесі сөгіліп, шатыры құлаған. Ал жиһаз бен төсек-орынды су шайып, жарамсыз еткен. Абырой болғанда адам шығыны жоқ.
Нөсер кезінде сай-салаға жиылған су мен өзен арнасынан тасып, ауылдарға лап қойды. Үй иесі Гүлсім Пушанова жан сауғалап, туыстарының үйін паналағанын айтады. Абдырап қалған жан үйдің құжаттарын ғана алып үлгерген. Алайда қора – қопсысы мен үйі су астында қалды. Ауладағы көлік те жарамсыз күйде.
Гүлсім Пушанова, Заңғар ауылының тұрғыны:
- Кішкентай балам шырылдап келді. Малхананың іші суға толып қалды, сиырларды не қыламын деді. Сиырларды айдап шығарып, үйге кірсем, аяқ шешетін жерде су көтеріліп жатыр. Есікті итерсем, ашылмайды. Сөйтіп баламыз екеуміз терезеден түстік. Баламды су басып жатыр. Қолынан ұстап алып, жүзіп шықтым.
Заңғар елді мекенінен бөлек, Сарапхана, Қызылқия, Қарабау және Жіңішке ауылдары су астында қалды. Өңір тұрғындары бір-біріне көмектесіп, жағдайды реттеуге атсалысып жатыр.
Әбдіманап Бөртебаев, Заңғар ауылының тұрғыны:
- Сай-сайдан су ағып, Қақпақ өзені арнасынан таси бастады. Сосын су басатын жерлерді төмендегі елді мекендерден білеміз. Үйлерінен құжаттарды алып шықсын деп сол тұрғандарға хабар бердік. Мал қорадан малдарды алып шықсын дедік. Кеше жаңбыр қатты жауды. Мұндай болған емес.
Мақсат Заитов, Қақпақ ауылдық округінің әкімі:
- Қазір мал иелерінің тірі қалған малдарының бәрін анықтау керек. Ветеринарлық мал есебі тұратын базадан есебін алып, әрі қарай түгендеу жұмысын жүргізіп жатырмыз. Одан кейін құжат толтырып, ауданға ұсыну керек.
Толассыз жауған жаңбырдың салдарынан келген шығынды есептеу үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Табиғи апаттан 5 елді мекендегі 53 үйдің ауласына су кірді. 18 баспана жарамсыз деп танылып, 44 қора-жай құлады. 300-ден аса мал шығыны тіркелген. Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының хабарлауынша, Сарыағаш ауданына қарасты Бағыс ауылындағы 6 үйдің ауласын да су басты. Ал қатты желдің салдарынан Кентау қаласындағы бірнеше әлеуметтік нысанның шатыры ұшып кетті. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ. Қазір оқиға орнында жұмысшы топ сел мен желден келген шығын көлемін есептеп жатыр.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов