Ақжол мен Қауыншы тұрғындары ауызсуды арықтан ішіп жүр
Өйткені жергілікті билік ұңғыма қазып, тіршілік нәрін тартуға екі рет тырысқанымен, екеуі де аяқсыз қалыпты. Осылай деген ауылдағы ағайын: «Өзбекстаннан ағып келетін өзен суына күніміз қарап тұр», - дейді.
Ауызсудан тарыққан Ақжол және Қауыншы елді мекенінің тұрғындары канал су ішуге мәжбүр. Шамасы жеткендер 10 шақырымды артқа тастап, көрші ауылдардан тасымалдап күнелтіп отыр.
Баян Алтынбекова, ауыл тұрғыны:
- Уәде бойынша 2021 жылдың желтоқсанында өткізуі керек еді. Әлі тұр. 2022 жыл болды. Уәдені береді-береді, бәрі өтірік. Қазір тіпті сенбейміз. Бес жылдан бері сусыз қураған ауыл халқы көшеміз деп отыр.
Ауылға ұңғыма қазу жұмыстары өткен жылы басталған. Қазіргі уақытта бюджеттен қаралған 800 миллион теңгенің тең жартысы игеріліпті. Алайда жер астындағы су қоры жеткілікті мөлшерде болмай шықты. Сондықтан құрылыс жұмыстары тоқтап, үйлерге тартылған су жүйесі ашық жатыр.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
- Тұрғындар ауылға тартылған ауызсу жүйесінің кәріз құдықтары адам өміріне қауіп төндіріп тұр,- дейді. Өйткені құрылыс жұмыстары ортаң белден тоқтағандықтан қақпақсыз қалған құдық көп. Енді үлкендердің шалағайлығынан бүлдіршіндер зардап шеге ме деп алаңдап отыр.
Келес аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық бөлімі құрылыс монтаждау жұмыстарын тоқтатуға өздері тапсырма беріпті. Себебі: «Сметалық құжатқа толықтырулар енгізілу керек», - дейді.
Бақытжан Шырынбеков, Келес аудандық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Қазіргі таңда жерасты зерделеу жұмыстары әлі толық анықталған жоқ. Қай тереңдікте екенін білмейміз. Берілген ақауларды қалпына келтіру бойынша ешқандай жұмыс атқарылмаған жағдайда азаматтық іс арқылы сотқа талап-арызбен тапсырыс беруші мекеме ауданның ТҮКШ мекемесі жүгінеді.
Таңдайы кепкен тұрғындар 2008 жылы да бұрғылау жұмыстары жүріп, су ұңғымасы салынғанын айтады. Алайда бастама баянсыз қалған. «Кезекті жоба соның кебін кимесе екен», - дейді.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов