Қарағанды облысының Ақтау кентіндегі цемент зауытында еңбек дауы бітер емес
Онда жұмысшылар еңбек қауіпсіздігінің сақталмайтынын әрі жалақының аз төленетіндігін айтады. Көп кешікпей, дәл осы кәсіпорынның еңбеккерлері арнамызға хат жазып, араша сұрады. Көпшіліктің жағасын ұстатқан бейнежазба Ақтау кентіндегі цемент зауытында түсірілген. Оны жергілікті қоғам белсендісі Сергей Мұхамеджанов әлеуметтік желіге жүктеп, еңбек жағдайын әшкерелейді. Айтуынша, адамдар осындай шаң-тозаңда жұмыс істеуге мәжбүр. Өзі де осында 10 жыл еңбек етіпті.
Сергей Мұхамеджанов, қоғам белсендісі:
- Бұл жағдай цемент ұнтақтайтын цехта болған. Ол жерде екі ауысымды қоса есептегенде 80-ге жуық адам еңбек етеді. Респиратор кигенмен, еш көмегі жоқ. Жұрт жұмыс арасында терезеге барып ауа жұтады. Ең сорақысы, егер комиссия келе қалса, басшылар ол цехтың жұмысын уақытша тоқтатып қояды. Тексеру аяқталған соң қайтадан іске қосады.
Зауыттың еңбек жағдайын өз көзімізбен көрейік деп ішке енуге талпынып едік, есікті торуылдаған күзетшілер табалдырықтан әрі кіргізбеді. Басшысы да сыртқа шығып, түсінік беруден бас тартты. Дегенмен өткен жылдың қараша айында санитарлық дәрігерлер зауытқа жоспарлы тексеріс жүргізіпті. Ал ондай кезде заң бойынша 30 күн бұрын ескерту жасайды екен.
Галина Сусметова, Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы:
- Кәсіпкер еңбек жағдайын жақсарту үшін бірқатар шараны қолға алғанмен, біздің мамандар тексеріс кезінде заңбұзушылықты анықтады. Гигиеналық және санитарлық талаптар сақталмаған. Зауытта шаң-тозаңның мөлшері тым көп.
Арнамызға жазылған арыз хатта жұрт жалақының аздығын да сөз еткен. Теміртау әкімдігі биыл 35% көтердік деп ақталғанмен, жұмысшылар оған қанағаттанбай отыр.
Евгений Волына, зауыт қызметкері:
- Жалақымды 20 мыңға көтерді. Ол не болады? Қазір мен қолыма 178 мың аламын. Өндірісте еңбек ететін машинист үшін бұл өте аз деп есептеймін.
Дмитрий Марчишин, зауыт қызметкері:
- Жақсы ұсыныс түскендер жұмыстан кетіп қалды. Тек біздің ұжымнан 4 жігіт шықты. Олар қолдарына 160-180 мың теңге алып келген. 250 мыңға көтеруді сұрады. Бірақ басшылар келіскен жоқ. Енді босаған орынға ешкім келіп жатқан жоқ. «Жалақы тым аз», – дейді.
Цемент зауыты – Ақтау кентіндегі ең ірі кәсіпорын. Елді мекендегі 7 мың халықтың әрбір оныншысы осында еңбек етеді. Зауыттың құрылтайшылары – малайзиялық инвесторлар. Қазір қордаланған қаржы мәселесін шешу үшін үшжақты комиссия құрылды. Оның құрамына белсенді жұмысшылар, әкімдік өкілдері, компания басшылары еніп отыр.
Самат Зияшев, Теміртау қаласы әкімінің орынбасары:
- Орташа жалақысын айтып кетсек, ол кезде жалпы қара жұмыскер дейміз ғой, олардың өздері 90-100 мыңға жуық айлық алып жүрген. Біз талдау жасадық, айлық 140-150 мыңға дейін көтерілді. Әрине, өздеріңізге белгілі инфляция бар. Осы үш жылда кәсіпорын басшылары бізге арнайы жоспарды көрсетті. Инфляцияға сәйкес, жалақы тағы көтерілетін болады.
Санитарлық дәрігерлер өткен жылғы тексерістен соң кәсіпорын қожайындарына ескерту жасап, олқылықтарды жоюға уақыт берген. Енді мамыр айының соңында соның нәтижесін тексереді. Егер ештеңе өзгермесе, сотқа жүгінбек.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар