Оралдық түлектер сауық кешіне жинаған қаражатты науқас сәбидің еміне жұмсады
Сонымен қатар сауық кешін де ысырапсыз өткізуді ұйғарған. Олар үнемделген қаражатты науқас бүлдіршіннің еміне жұмсады. Жастар осындай игі шара арқылы қатарластарын қайырымдылыққа үндеп отыр.
Дәрігерлер не айтса да, Лунара Заришева сырқат баласына шипа табыларынан үміт үзген емес. 6 жасар Демир төсек тартып қалғалы біраз болды. Оған 14 түрлі диагноз қойылған. Қазір бүлдіршін Мәскеу клиникасында емделіп жатыр.
Медициналық қызмет құны тым қымбат. Қомақты қаражат табу ерлі-зайыптыларға ауыр тиіп тұр. Оларға мейірбан жандар азды-көпті қаржы аударып жатыр. Соның ішінде қаладағы №12 мектептің биылғы түлектері де бар.
Лунара Заришева, сырқат бүлдіршіннің анасы:
- Түлектер маған өздері хабарласып, көмек бергісі келетіндерін айтты. Есепшотыма ақша аударды. Қаражат қомақты болмағанымен, олардың демеу болғаны жігер сыйлады. Менің ұлымның келешегін ойлағаны үшін жастарға алғыс айтамын.
Биыл білім ордасын 41 оқушы тәмамдап отыр. Олар соңғы қоңырау шарасы мен сауық кешін ұйымдастыруға жинаған қаражатты үнемдеген. Мәселен, шар сатып алмайды және мейрамхана жалдамайтын болды. Бұл бастаманы түлектер бірауыздан қолдаған.
Аружан Оразымбетова, мектеп түлегі:
- Балақайдың жарқын болашағына өз үлесімізді қосып, осы игі іске атсалысқымыз келді. Осы ісіміз арқылы түлектерді қайырымды істер жасауға шақырамыз.
Бақтыгүл Каримолла, мектеп түлегі:
- Осы №12 мектепте 1-сыныптан бері оқып келемін. Биыл соңғы жыл болғандықтан, бір-бірімізді қимаймыз. Мектеп бітіру кешін мектепте өткіземіз деп шештік.
Сынып жетекшісі оқушылардың сабақ үлгерімінен бөлек, қоғамдық шараларда да белсенді екенін айтты. Шәкірттері мектеп бітіру кешін қайырымдылық шарасымен айшықтауды ұсынған кезде бойын мақтаныш кернегенін жасырмады.
Гүлжауһар Хамзина, сынып жетекшісі:
- Әрине, түлектерімізді мақтан тұтамыз. Осындай жақсы, қайырымды істермен айналысып жатыр. Оған өздері себеп болды. Одан әрі қарай ата-аналар, біздер, мектеп әкімшілігі, мұғалімдер қолдадық. Тек жақсы істерімен, қайырымды істерімен көріне берсін дегіміз келеді.
Түлектер бұл әрекетін ілкімді іске баламайды. Тек акцияны өзге оқушылар да жалғастырып, кейін дәстүрге айналып кеткенін қалайды.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Елдар Аюпов