Тау-кен саласындағы импортқа тәуелділіктен қалай арыламыз?
Оны өзімізде өндіруге болады, оған еліміздің әлеуеті жеткілікті. «Тек жұмысты дұрыс үйлестіру керек», - дейді Қарағандыда өткен форумға жиналғандар.
Қарағандыдағы құю-машина жасау зауыты қазір еліміздің тау-кен металлургия саласына қажетті өнімнің 12 мыңнан астам түрін жасайды. Мұндай кәсіпорындарды елімізде көбейтуге болады. «Тек мемлекет тарапынан қолдау қажет», - дейді форумға жиналғандар.
Нұрахмет Нүриев, «Kazakhmys Smelting» ЖШС бас директоры:
- Бұл мәселені шешу үшін, біріншіден, ірі жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларын бір жерге шоғырландырып, ірі компаниялар мен шағын және орта бизнес өкілдерін байланыстыратын ортақ алаң құру қажет. Отандық шағын кәсіпорындарға тапсырыс берген компанияларға жеңілдік жасап, ынталандыру керек. Ал қазақстандық өнім жасайтын өндіріс ошақтарына шикізатпен көмектескен абзал. Тұрақты жұмыстың кепілі ретінде ұзақмерзімді келісімшарттар жасалуы тиіс. Мұны «Атамекен», тау-кен металлургия қауымдастығы, «Қазиндустриямен» бірлесіп жүзеге асырған дұрыс. Форумды өткізген соң, нәтижелі болуы қажет.
Өкінішке қарай, тек өткен жылдың өзінде отандық компаниялар 38,3 млрд доллардың өнімін сырттан сатып алған. Оның тең жартысы машина жасау саласына тиесілі. Қалғаны – химия өнеркәсібі, қара және түсті металлургия, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясына қажет тауарлар.
Николай Радостовец, Тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директоры:
- Бізде шикізат жеткілікті. Оны сол күйі сатпай, дайын өнім шығаруға басымдық беру керек. Бір ғана түсті металдан көптеген дүние жасауға болады. Тек сапасы жоғары, бағасы қолжетімді болса, болғаны.
Импортқа тәуелділіктен арылу үшін елімізде бірнеше жаңа кәсіпорын ашу жоспарланып отыр. Бизнес-жобалардың көпшілігі «Өндірісті қолдау қоры» арқылы қаржыландырылмақ. Бұл мақсатқа 335 млрд теңге бөлінген.
Марат Қарабаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары:
- Қазіргі таңда 700-ден астам жаңа бизнес жобаны іріктеп алдық. Оның барлығы тек «Өнеркәсіпті қолдау қоры» арқылы қаржыландырылады деген мәселе емес, бірталайы өз ақшасына немесе шетелдік инвестицияға, басқа да ақша көздерінен өздерін қаржыландырады. Бірақ солардың арасында біздің қордан қаржыландыратын жобалар да бар.
Егер осы жобалар сәтті жүзеге асса 126 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар