Әлеуметтік эксперимент: кәмелетке толмағандарға темекі, сыра сатыла ма?
Мәселен, кәмелеттік жасқа толмағандарға сатуға тыйым салынатын өнімдер туралы заң барын барлығымыз білеміз. Ал енді ол іс жүзінде қалай орындалады? Осы сауалға жауап алу үшін әлеуметтік тәжірибе жасалып, елордадағы дүкендердің біріне жасырын камера қойылған еді. Нәтижесі қандай?
16 жастағы Дияра, жасырын камера. Эксперимент басталды. Елордалық дүкендер жасөспірімге темекі, сыра сата ма?
Анықталғандай, жасөспірімге темекі мен сыра, тіпті градусы одан да жоғары ішімдік сатып алуға түк кедергі емес. Ақша берсең болды, құжатыңды көрсетіп те әуре болмайсың. Ал заң не дейді?
Осыдан екі жыл бұрын «Халық денсаулығы» жөніндегі кодекске өзгертулер енген, енді 18 емес, 21 жасқа толмағандарға темекі және алкоголь өнімін сатуға тыйым салынады. Жаза да қатаңдатылды. Мысалы, жасөспірімдерге темекі өнімін бір рет сатқандар 270 мың теңгеден астам, ал қайтара сатқандар жарты миллион теңгеден астам айыппұл төлеуі тиіс. Бірақ бізде заң орындалмайды.
Дастан Аспан, білім беру өнімдерін әзірлейтін компанияның бас директоры:
- Негізі Қазақстанда заңдар өте жақсы жазылған. Бірақ, өкінішке қарай, іс жүзінде қолданылуы өте осал. Бизнес тарапынан да әлеуметтік жауапкершілік болуы керек. Ол өздерінің идеологияларын айтуы керек, тек ақша табуды көздемегені жөн.
Шағын дүкендерден бөлек, дәріханалар да – қауіптің көзі. Сан алуан препарат, кейбір дәрінің құрамында есірткі заты бар. Мысалы, «Трамадол» препараты. Кәдімгі синтетикалық героин. Бір ғана статистика, Алматыда 600 нашақор-жасөспірім есепте тұр. Баян Ахатай бірнеше жасөспірімді дәріханалық наркоманиядан құтқарып қалғанын үнемі айтып жүреді.
Баян Ахатай, қоғамдық бірлестік жетекшісі:
- Мен дәріханалардың сондай тыйым салынған препараттарды сататыны туралы да білмейтінмін. Тропикамид және трамадол сияқты дәрілік заттарды сатқан жағдайда әкімшілік жаза ғана қолданылады, ал ол дәрілер баланың өміріне балта шабады деуге болады.
Отбасы, мектеп, қоғам. Жасөспірім үшін жауапкершіліктің жүгі кімде? Кәнігі психолог Ерлан Мұстафиннің ойынша, бәрі отбасынан басталады.
Ерлан Мұстафин, психолог:
- Ер бала туралы айтатын болсақ, тестостерон гармоны болғасын, олар тәуекелге баруға әлдеқайда дайынырақ. Әрине, бұл жерде алдымен баланың санасы болу керек. Әрбір жеткіншектің жанына үнемі ересек адамды еріп жүрмейді.
Әуелі отбасы дегенмен, мемлекет те өз міндетін дұрыс орындауы керек. Өткен жылы 300 жасөспірім өзін-өзіне қол жұмсауға талпынған, ал елордада бір ғана суицидолог маман бар. Санасы қатпаған жасөспіріммен сапалы жұмыс істейтін мектеп психологтары керек. Ал олар бізде аз.
Ерлан Мұстафин, психолог:
- Менің ең алғашқы кәсібім мектеп психологы болатын. Сонау 1998 жылы, ХХ ғасырдың аяғында десе де болады. Ол кезде психолог туралы ондай ешқандай ой болған жоқ. Мен мектеп психологын «баланың адвокаты» деп білемін. Ендеше осы бала адвокаты баланың психологиялық денсаулығын мектеп әкімшілігінен, мұғалімдерден, ата-аналардан қорғауы керек. Ал ол оны қорғау үшін қандай болу керек? Біріншіден, баламен дос болу керек. Өкінішке қарай, қазіргі кезде мектеп психологтарын балалар білмейді де.
Жасөспірімді жаман жолға түсіретін не, оған кім кінәлі? «Хабар» телеарнасы «Большая неделя» бағдарламасы аясында бір сағат бойы талқылады. Түйін біреу – бұғанасы қатпаған бала үшін бәрі жауапты, отбасы да, мектеп те, қоғам да.
Ақерке Абылайхан, ЕҰУ ректорының кеңесшісі:
- Жеткіншектердің жақсы іспен айналысуына, қосымша білім алуына жағдай жасауымыз қажет. Сондықтан әр балаға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, олар игі істермен айналысып жатса, жаман іске баруға уақыты да болмайды.
Қазіргі кезде жасөспірімдер арасында «инфлюенсер» деген сәнді сөз бар. Яғни сол ортаға сөзі мен ойы, пікірі өтімді адам. Психологтар: «Әрбір ата-ана өз баласы үшін «инфлюенсер» бола алса, жаман жолға түседі деп жасқанудың жөні жоқ», - дейді.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Азамат Сәметов, Мұхтар Тілдебаев