Теңіз порттары арқылы жүк тасымалы 2 есе өсті
Жыл басынан бері Ақтау портында 1,2 млн тоннадан астам әртүрлі жүк ауыстырып тиелген. Соның 1 млн тоннасы – экспорт. Сондай-ақ Ақтау теңіз солтүстік терминалы мен Құрық паром кешенінде контейнерлік жүктерді қабылдап, жөнелту тоқтаусыз жүріп жатыр.
Ақтау теңіз портына соңғы 3 жылда 2 мыңдай кеме кірген. Осы аралықта ауыстырып тиелген мұнай өнімдері, металл, астық тағы басқа жүк көлемі 10 млн тоннадан асты. Соңғы кезде салмағы 20 футтық контейнермен жүк өткізу көрсеткіші де айтарлықтай өскен.
Абай Түрікпенбаев, «Ақтау теңіз сауда порты» ҰК» АҚ басшысы:
- Порттың инфрақұрылымдық әлеуеті жылына 20 футтық 120 мың контейнерді ауыстырып өткізуге мүмкіндік береді. Биыл ақпанда 1 657 контейнерді өткізсек, ал сәуір айында бұл көрсеткіш 2 есе артты. Биыл Транскаспий халықаралық көлік бағдары бойынша контейнерлік тасымал өткен жылға қарағанда 6 есе, яғни 3,2 млн тоннаға дейін өседі.
Талғат Исламұлы, тілші:
- Аумағы 39 гектар терминал «Ақтау портын солтүстік бағытта кеңейту» жобасы аясында іске қосылды. Өткен жылы 980 мың тонна жүктер ауыстырып тиелген. Соның 800 мыңы – экспорт. Соңғы 2 жылда 20 футтық 3400 контейнерді қабылдап өткізіпті. Мұнда бір мезгілде 6 мың контейнерді сақтауға болады. Ал Қарақия ауданында бой көтерген Құрық порты бір уақытта төрт паромды қабылдауға қауқарлы.
Бақыткерей Әлібеков, «Құрық порты» серіктестігінің бас диспетчері:
- Қазір жұмыс өте қарқынды жүруде. Ақпан-наурыз айларынан бастап жүк тасымалы 3 есе өсті. Алты ай ішінде 700 мыңнан жоғары көрсеткішке жеттік. Сәуір айында бұрын-соңды болмаған көрсеткішті, яғни 231 мың тонна көрсеткішті көрсеттік.
Құрық портының инфрақұрылымдық әлеуеті күніне сегіз паромға дейін өңдеуге мүмкіндік береді. Әдетте бір паромға 54 теміржол вагоны сияды. Жеңіл және жүк көліктерін өткізуден бөлек Қазақстанға азық-түлік, құрылыс материалдары мен өнеркәсіп жабдықтары импорталады. Транзитпен тоқыма, химия өнімдері тағы басқа жүк тасымалы «Бір терезе» қағидаты бойынша рәсімделеді.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев