БҚО-да жол бойында мал өріп жүр
Полиция осы күнге дейін 50-ден аса фактіні анықтап, мыңға тарта мал басын айыппұл тұрағына қамаған екен. 700-дей мал иесіне 2 миллион теңгенің айыппұлы да салынған. Облыста жүз шақты айып тұрағы бар. Десе де аймақта мал жаюдың қағидаларын ескеріп жатқан ешкім жоқ.
Полиция: «Қараусыз мал иесіне еш шара қолданбайды, оқиға болған жерге келмейді», - деп ветеринарлар мен ауыл әкімдерін кінәлап келеді.
Жәнібек ауданында қараусыз жүрген мал иелеріне қатысты 85 хаттама толтырылыпты. Түлігін жол бойына жіберіп қойып жайбарақат жүрген тағы 17 жеке тұлғаға ескерту берілген.
Болатбек Оразғалиев, Жәнібек аудандық полиция бөлімінің аға инспекторы:
- Бізде қамау кезінде қиындықтар болады. Былтыр малдың жолға жайылуы кесірінен автокөлік оқиғалары орын алды. Қазір малды қадағалап, жолдан айдап отырамыз, қасындағы шаруашылықтарға барып, ескерту жасаймыз.
Ауыл ішінде жүрген мал аудандық ветеринариялық станцияның айып тұрағына қамалады. Бұл істе мал дәрігері мен полицияның және ауыл әкімдерінің жұмыла әрекет етуі маңызды. Өкінішке қарай, әркез олай бола бермейді. Мал иесінде мүлдем жауапкершілік жоқ. Бақташы да, басқасы да бұл мәселеге жүрдім-бардым қарайды. Әзірге аудан көлеміндегі жолдар салынып біткен жоқ. «Ертең көлік атаулы тақтайдай тегіс жолмен желдей жүйткіген кезде апатты жағдайлар да жиілеуі мүмкін», - дейді мамандар.
Біржан Ғұбашев, Жәнібек аудандық ветеринариялық станциясының директоры:
- Жол құрылысы әлі дұрыс біткен жоқ. Жол біткеннен кейін ол мәселе бізге де келеді. Малды бақташылары дұрыс бақпайды. Жолдың бойында жатады, өзіміз де көріп жүрміз ғой.
Әзірге жол бойындағы малды қуумен полиция ғана айналысып жүргені рас. Жыл басынан бері олар осындай 50-ден аса фактіні анықтап, мыңға тарта малды өрісіне қайтарыпты. Әсіресе Орал-Атырау жолында абай болмаса қиын. Жүйткіп келе жатқан көлікті кес-кестейтін киік те жол апатына жиі себепкер болады. Апатты азайтуда муляждар мен малға арналған арнайы өтпелердің маңызы зор.
Зауырбек Қыпшақбаев, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК БҚОФ директоры:
- Жол бойында арнайы муляждар түрінде салынған қондырғылар бар. Бірақ өз нәтижесін бермей жатады. Қазір Қазталов-Жәнібек, Өнеге-Бисен-Сайхын автожолында күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Ол жерлерде жоба талабы бойынша арнайы мал өткелдері қарастырылған.
Өкініштісі, мұндай келеңсіз жағдай облыстың барлық аумағына тән. Мысалы, Жаңақала мен Бөкей Ордасы бағытындағы күре жолдармен жүру де аса қауіпті. Алаңдауға негіз бар. Өйткені жыл басынан бері малдың қатысуымен жеті ауданда 15 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, көп адам материалдық зиян шекті. Былтыр да 70 шақты апат болып, бірнеше адам көз жұмған.
Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов