Петр Дурнев: Ақтау кентіндегі цемент зауытында жаңғырту жұмыстарын аяқтауды жоспарлап отырмыз
Бұл туралы Теміртауда өткен үшжақты комиссияның отырысында кәсіпорын директоры мәлімдеді. Цемент зауыты – Ақтау кентіндегі ең ірі кәсіпорын. Қазір елді мекендегі 7 мың халықтың әрбір оныншысы осында еңбек етеді. Еске салсақ, ондағы жұмысшылар еңбек қауіпсіздігінің сақталмайтынын, әрі жалақының аз төленетіндігін айтып, арнамыздан араша сұраған болатын.
Көпшіліктің жағасын ұстатқан мына бейнежазба сол цемент зауытында түсірілген. Оны жергілікті қоғам белсенділері әлеуметтік желіге жүктеп, еңбек жағдайын әшкерелейді. Айтуынша, адамдар осындай шаң-тозаңда жұмыс істеуге мәжбүр. Қоғам арасында қызу талқыланған бұл жазбадан соң үшжақты комиссия құрылған болатын. Оның құрамында билік өкілдері, зауыт басшылығы, кәсіподақ төрағасы және қоғам белсенділері бар. Комиссияның кезекті отырысында кәсіпорын директоры цемент ұнтақтайтын бұл цехта жаңа қондырғылар, заманауи сүзгілер орнату үшін 100 миллион теңге бөлінгенін мәлімдеді. Жоба 9 айға жоспарланған.
Петр Дурнев, цемент зауытының директоры:
- Жаңғырту жұмыстарын жүргізу барысында дәл осы цехтағы еңбеккерлердің жұмыс уақыты біршама қысқартылды. Қазір мұнда 2 адам 4 ауысыммен еңбек етеді. Өкінішке қарай, бұл цехтың жұмысын жеке дара тоқтату мүмкін емес, онда барлық зауыттың жұмысы тұралайды. Шамамен үш айда бұл цехта еңбек жағдайы өзгереді деп күтіп отырмыз. Ал аса ауыр жағдайда жұмыс істеп жатқандарға қосымша үстемақы төленеді.
Аман Әміров, Теміртау қалалық СЭҚ басқармасының басшысы:
- Қазір біздің мамандар цемент зауытында тексеріс жүргізіп жатыр. Әзірге зерттеулердің қорытындысы қолымызға тиді. Жұмыс орнында зиянды заттардың концентрациясы бірнеше есеге көп. Ал шаң-тозаңның мөлшері шамамен 1,5-2 есеге жоғары. Тексеру жұмыстары толық аяқталған соң кемшіліктерді жою туралы нұсқау береміз және заңды тұлғаға әкімшілік шара қолданылатын болады.