Еліміздің солтүстігінде жер дауы күннен-күнге ушығып барады
Осындай мәселе қазір Қызылжар ауданына қарасты Рассвет ауылында өзекті болып тұр. Жайылымның жоқтығынан кейбір азаматтар малдарын сатуға мәжбүр.
Ерғали Жәкеев – Өзбекстаннан атажұртты аңсап келген азаматтардың бірі. Рассвет ауылына қоныстанған ол алғашында қой шаруашылығымен айналыса бастаған. Артынша ірі қара ұстап, Зеңгі баба төлдерін көбейткен. Бірақ күні кеше олардың барлығын сатып жіберді. Енді отбасымен Қостанайға көшіп кетпек.
Ерғали Жәкеев, Рассвет ауылының тұрғыны:
- Өткен жылы 20 сиыр сауатын едім. Сүт тапсырдық, күніне 150 литр. Биыл бағатын жер жоқ. Содан ауылдық округтің әкімі маған келіп: «мына жаққа биыл сиыр бақпайсың», – деді. Сөйтіп, сиырдың бәрін сатып жібердім. Қазір көшуге ыңғайланып жатырмын. Басқа амал жоқ. Шөп шабатын жер жоқ.
Қазір бақташылар өріс таппай қиналып жүр. Төрт түлік ауыл маңына жайылса, жергілікті билік жауапқа тартамыз деп қорқытады.
Самат Қайырденұлы, тілші:
- Таңғы 06:00-ден жұмысқа кіріскен жылқышылар ат үстінен түспейді. Өйткені табынды жіті қарауы керек. Болмаса олар айыппұл арқалауы мүмкін.
Талғат Ертаев, бақташы:
- Бағатын жер қалмады. Ағаштың баурайына апаруға орманшылар рұқсат бермейді. Ауыл іргесіне де жаюға болмайды. Әкім болса, айыппұл саламыз деп қорқытады. Малдарға обал.
Жаны қысылып, шырылдап жүрген шаруалардың енді бірі – Ақан Барлыбаев. Осыдан бірнеше жыл бұрын әкімдік конкурс арқылы берген алқапқа көпжылдық шөп еккен. Бірақ ол аумақты биыл басқа кәсіпкер иемденген. Енді малдарына қысқа азық, жазда өріс таппай дал.
Ақан Барлыбаев, шаруа:
- Ауылдық әкімдіктегілер былтыр бізге жайылым мен шөп егуге жер берді. Бірақ қайта тартып алды. Енді не істерімізді білмейміз? Мәселе шешілмесе, малдарды сатамын. Басқа амал жоқ. Салдарынан қаншама азамат жұмысынан айырылуы мүмкін.
Мәселенің ақ-қарасын білмек үшін ауыл әкіміне бардық. Бірақ ол түскі ас уақытында бізбен сөйлескісі де келмеді.
Белгілі болғаны – 2020 жылы шаруаларға жайылымдық жер беру үшін конкурс дұрыс өтпеген. Аудан басшылары болса, бұл сұрақты жіті бақылауына алатындарын жеткізді.
Алма Нұрғалиева, Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары:
- 2020 жылы жер комиссиясының шешімімен Рассвет ауылындағы шаруаларға жайылым берілді. Бірақ Үкіметтің қаулысына сәйкес, ауыл маңындағы учаскелер қайтарылып жатыр. Сондықтан аталған мәселені оң шешу үшін қазір бірнеше нұсқасын қарастыратын боламыз.
Қызылжар ауданында қазір бұл мәселе өткір. Соңғы бірнеше жылда иесіз жатқан 5 мың гектар мемлекетке қайтарылған екен. Дегенмен де тұрғындарға мал бағу үшін әлі де 30 мың гектар жер қажет.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев