Қостанай облысында 20 млн-ға салынған бөгет бұзылды
20 млн теңгеге салынған нысан Ахмет Байтұрсынұлы ауылында орналасқан. Жергілікті шенеуніктердің олқылығын халыққа түзетуге тура келді. Көктемгі тасқын кезінде шайылып кеткен бөгетті тұрғындар өз күшімен тұрғызған.
Данияр Сұлтанұлы, тілші:
- Жыланшық өзеніндегі Қарасор мен Ақкөл көлдерінің айрығында тұрған Қарасу бөгеті осы. Нысан былтыр 20 млн теңгеге тұрғызылды. Сапасы дұрыс деп қабылданған. Бірақ араға бір жыл өтпей, бұзыла бастады.
Бөгет көктемде өзен суын Ақкөл мен Ахмет Байтұрсынұлы ауылдарының қажетіне бөгеп отыруға арналған. Оны жылда шайып кететін. Алайда жаңасы да биыл сор болды. Асты үңкіп, бүкіл ауыл жарылған тұсын бөгеген.
Жолдыхан Нұрмұхамбетұлы, Ахмет Байтұрсынұлы ауылының тұрғыны:
- Тастан салу керек. Мынаны жай сала салған. Жобасын сызып, қайта істеу керек. Мынаның бәрін бекітіп, кеңейту керек.
- «Барлық жұмыс асығыс, небәрі бір-ақ күнде тындырылды», – дейді жұрт. Бөгеттің техникалық талапқа сай болмауы үстімен өтетін көліктерге де кедергі. Халық арғы беттегі шабындыққа бара алмай әлек. Ал айналма жол 60 шақырымға жуықтайды.
Руслан Жақсынбеков, Ахмет Байтұрсынұлы ауылының тұрғыны:
- Мына жерде трактор өтіп бара жатып, осы жерде прицеппен аударылып қалды. Үстінде трактор жүретін жер екі-ақ метр. Мұны ешкім қабылдап алған жоқ. Ауданнан ешкім келген жоқ. Мына жақтан Қызылорда, Жезқазған, Шымкентке дейін кететін жол ғой.
Шала құрылысты қабылдап алған Жангелдин ауданының әкімдігі бізге сұхбат берген жоқ. Ат тонын ала қашып, бар кінәні ауыл әкіміне ысырып қойған. Жіберілген олқылықтарға өзі жауап берсін дегендей.
Нұрсұлтан Байділдин, Ахмет Байтұрсынұлы ауылының әкімі:
- Биыл су тасқыны былтырға қарағанда қатты болды. Былтыр салынған бөгет әлі нығыздалмаған. Ол әлсіздеу боп тұр. Бұзуын бұзып кетті. Бірақ мердігермен сөйлестік. Ол басқа жерде де нысандар салып жатыр ғой. Ертең техникамыз босағаннан кейін келіп, қайтадан дұрыстап береміз деп тұр.
Бөгет қалпына келтірілгенімен оның ұзаққа шыдайтынына халық күдікпен қарайды. «Бұдан былай аудан бюджетін ысырап етуге жол берілмеуі керек», – дейді.
Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров