Еліміздегі ең үздік 10 туристік аймаққа енетін Балқаш өңірі неге дамымай отыр?
Бірақ сол мыңдаған жиһанкезді қабылдайтын демалыс орындары қалада жеткіліксіз.
Ардақ Асылханұлы, тілші:
- Балқаш қаласында туристік маусым бар болғаны екі жарым айға созылады. Сол аралықта көкше көлге шомылуға еліміздің әр түкпірінен шамамен 80 мың адам келеді екен. Бірақ өңірде оларды қабылдайтын демалыс орындары жеткіліксіз.
Қазіргі таңда көл жағалауында барлығы 50-ге жуық демалыс орны болса, соның тек 10-ы ғана Балқаш қаласында орналасқан. Бір мезгілде 10 мың адамды қабылдай алады. Бірақ бұл өте аз. Ең сорақысы, бәсеке болмаған соң кәсіпкерлер бағаны да шарықтатып жіберген.
Марина Силина, турист:
- Шынымды айтсам, бұл жерде бәрі қымбат. Кішкентай ғана кекстің өзі 2 мың теңге тұрады. Масқара ғой! Мұндағы демалыс орындарының көпшілігінің бағасы қызмет көрсету сапасына сәйкес келмейді. Бірақ таңдау аз болған соң, амал жоқ, барына тоқтаймыз.
Туристік нысандарды ашқысы келетін кәсіпкерлер аз емес. «Тек атқарушы билік соған мүмкіндік берсе», – дейді олар.
Батырхан Бейсенбаев, кәсіпкер:
- Балқаш қаласының маңына, көл жағалауына кәріз бен су жүйесін және электр желісін тартып берсе деген тілегіміз бар. Демалыс орындарын салғымыз келеді, бірақ инфрақұрылым жоқ. Ал сұраныс өте көп. Туризмді дамыту үшін қызмет көрсету сапасын лайықты деңгейге көтеруіміз керек.
Қала басшысының айтуынша, туристерді түгел қамту үшін әлі кем дегенде 40 демалыс орны керек. Осы мақсатта биыл көл жағалауындағы 2,5 шақырым жердің инженерлік инфрақұрылымы ретке келтірілген. «Бертіс шығанағы» деп аталатын бұл алаңда келешекте бірнеше нысан салынбақ.
Ораз Тәуірбеков, Балқаш қаласының әкімі:
- Қаламыздағы жағалаудың инфрақұрылымын реттеу бойынша жұмыстар жүргізіледі. Шілде айында осы құрылысты бітіріп, әрі қарай жер аукциондарына назар аударамыз. Жалпы біздің жоспарымызға сәйкес потенциалды 14 инвесторларға арнайы жер телімдерін осы мақсатта бөліп, аукциондарды бастайтын боламыз.
Алайда Балқаш көлінің жағалауында әлі де 20 шақырым жер бос жатыр екен. Ол аумаққа су мен тоқ жүйесі әлдеқашан тартылу керек еді. Бірақ екі жылғы пандемия салдарынан жұмыс тұралап қалған. Қазір жоба қайта қолға алынып, жобалау-сметалық құжаттары дайындалып жатыр.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар