Қызылорда қаласындағы электр желілерінің 70% тозған
Тіпті 2018 жылдан бері электр желісі тартылмаған көше бар.
Батырхан Қайыпұлы көшесіне 2004 жылдан бастап тұрғындар қоныстана бастапты. Кезінде әр үй бағандарды орнатып, электр желілерін өздері тартып алған. Содан бері 18 жыл уақыт өтсе де жарықтың жыры бітпеген.
Әділхан Жұмаділов, Батырхан қайыпұлы көшесінің тұрғыны:
- Жарық жоқ. Кешке ғана емес, тіпті кейде күндіз де күші келмей қалады. Ауа салқындатқыш пен мұздатқышты қоса алмаймыз.
Осы көшеге қоныстанғалы бері сығырайып қана жанатын электр шамының астында өмір сүріп келеміз. Бірақ ақысын жұрт қатарлы төлеп отырмыз. «Қисайған бағаналар сәл жел тұрса, құлап, жамау-жасқау болған жарық желілері жиі үзіледі», – деп налиды тұрғындар.
Айжансұлу Қаппарова, Батырхан Қайыпұлы көшесінің тұрғыны:
- Кешке қарай осы жерде балалар көшеге шығып ойнайды. Мына электр желісі үзіліп кетсе, жел болса, жаңбыр жауады, сол кезде балалар тоққа түсіп қалса, жағдай не болады?
«Баламыз тоққа түсіп қалмай ма деп алаңдаған тұрғындардың мәселесінен жақында ғана хабардар болдық», – дейді қала әкімдігінің өкілі.
Тілеухан Насреддин, қалалық Құрылыс бөлімінің жетекші маманы:
- Жоба іздестіру жұмыстары осы күнге дейін істелмеген. Бұл мәселе қатты көтеріліп жатқаннан кейін бөлім тарапынан мамандар бөлініп, қазіргі таңда осы жоба-іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әрі қарай қаражат бөлу мәселесі бойынша нақты айта алмаймыз. Ол бюджеттен бөлінетін ақша, оны сессияда қаралады.
Қызылорда қаласындағы жарық желілерінің 70% қолданысқа берілгеніне 50-60 жыл болған. Осы уақыт аралығында жүктемесі 2-3 есеге дейін артқан. «Қалада жарық мәселесінің жиі көтерілуі осыған байланысты», – дейді мамандар.
Мархабат Жайымбетов, Облыс әкімінің орынбасары:
- Шұғыл түрде 500 млн теңге облыстық бюджеттен қаржы бөлінетін болады. Сондықтан да осы жерлерге жаңа трансформатор, басқа да қосалқы бөлшектер алып, осы қысқа аман-есен кіреміз деген ойымыз бар.
Облыс орталығындағы қосалқы электр стансаларын толық жаңалау үшін 9 млрд теңгедей қаражат қажет екен. Оның жартысынан астамы ел бюджетінен бөлінген. Алайда мердігердің жауапсыздығы салдарынан күрделі құрылыс басталмапты. Қазір бұл мәселе сотта қаралып жатыр.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов