Ақтөбеде өткен «Қазақстанның үздік тауары» байқауына 40-тан астам кәсіпкер қатысты
Өңірдің шеберлері әртүрлі өнімдерін ұсынды. Тәуелсіз сарапшылар мен бизнес және қоғамдық ұйым өкілдері республикалық байқауға жолдама алған тоғыз кәсіпкерді анықтады.
Алға ауданынан келген Райхангүл Жанпейісова ұлттық сусын көжені шетелге экспорттап, қазақтан өзгеге де үйреншікті дәм етуді көздейді. Көктем келіп, күн қызған сәттен бастап кәсіпке кіріскен. Көжені құтыларға құйып, сауда маркасын тіркепті. «Аудан көлемінде сұраныс жоғары», - дейді. Күніне 150 бөтелкеге дейін дайындайды. Мемлекеттік грант есебінен бизнесін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Ал үздік тауар қатарына енсе, қосымша жарнама болады.
Райхангүл Жанпейісова, кәсіпкер:
- Бұл сусын бауырға, асқазанға өте пайдалы. Өзіміздің арпа-бидайдан жасалатын таза өнім. Осындай таза, пайдалы сусынды барлық қазақ білсе екен, балаларымыз ішсе екен деймін. Экспортқа неге шығармасқа?!
Сарапшылар үш номинация бойынша үздіктерді анықтады. Олар: «Халық тұтынатын үздік тауар», «Өндірістік мақсаттағы» және «Үздік азық-түлік тауарлары». Конкурсқа қатысушыларға бірнеше талап қойылған.
Дидар Боранқұлов, «Атамекен» ҰКП Ақтөбе облыстық филиалының бөлім басшысы:
- Соңғы екі жылдағы өнім көлемі, соңғы өнімдегі қазақстандық мазмұн үлесі, экспортқа шығатын тауардардың көлемі, өнімнің жалпы бәсекеге қабілеттілігі және сол компанияда өнімге тиісті сертификаттардың болуы секілді талаптар қойылады.
Бұл байқау санитарлық шектеулерге байланысты соңғы 2 жыл өткізілмеген болатын. Осы уақыт аралығында өңірде ондаған жаңа тауар өндіруші мекеме ашылды. Сондықтан «Ақтөбеде жасалған» сауда маркаларын республикалық деңгейге паш етуге мүмкіндік бар. Себебі жыл соңында үздіктер елорданың төрінде өтетін ақтық кезеңге жолдама алады.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Болат Молдағалиев