Алматы халықаралық әуежайында жаңа терминалдың құрылысы басталды
Сәйкесінше, жолаушылардың да қатары артып отыр. Сондықтан әуежайды кеңейту керек. Қазір жаңа терминалдың құрылысы басталды. Ендігі мәселе жергілікті тарихи-мәдени маңызы бар әуежайдың ескі ғимаратын көшіру немесе оның сәулеттік келбетіне нұқсан келтірмей, сақтап қалуға қатысты болып отыр. Нысанның 75 жылға жуық тарихы бар. Осы сұраққа байланысты Қоғамдық кеңес мүшелері мен қала белсенділерінің пікірі тыңдалды. Жиында инвесторлар ұсынған жаңа халықаралық жолаушылар терминалының жобасы да қаралды.
Алматы әуежайының бас терминалының өткізу мүмкіндігі аз екені рас. Бұл жолаушылар үшін бірнеше жылдан бері басты мәселеге айналған. Әсіресе ол жерде қарбалас уақытта ұзынсонар кезек пайда болады. Оның үстіне жабдықтары ескірген.
Бекнұр Қисықов, қалалық Қоғамдық кеңестің мүшесі:
- Алматыда агломерацияға қарағанда 2-3 млн халық тұрады. Оларға мына әуежай лайықты емес деп ойлаймын. Инвесторлардың ойлары жақсы. Біз пікірлерін тыңдап тұрмыз.
Наурыз айында құрылысы басталған жаңа терминал жылына 10 млн-ға дейін жолаушыға қызмет көрсете алады. Ал қазіргі көрсеткіш 4 млн көлемінде ғана. Оның аумағы ескісінен екі есе үлкен болады. 55 мың шаршы метр. Жобаның құны 200 млн доллар. Нысан шетелдік инвесторлардың есебінен салынады. Бірақ тараптар тарихи ғимараттың тағдыры туралы бір байламға келе алмады.
Бекнұр Қисықов, қалалық Қоғамдық кеңестің мүшесі:
- Инвестор, басқа да кәсіпкерлердің айтуынша, сақтаудың пайдасы жоқ. Тарихи қазына деп айтуға келмейді, сүйкімсіз ғимарат. Әртүрлі пікір бар. Бір шешімге келуіміз керек. Әрине, біз экологиялық, қоғамдық кеңестің және қоғам белсенділерінің пікірін сұрап, шешім шығаруымыз керек.
Сарапшылардың айтуынша, ескі терминалды кеңейту мүмкін емес. Себебі онда орын жоқ. Бұл терминал 1947 жылы сәулетші Борис Заварзиннің жобасы бойынша салынған. Мемлекеттің қорғауына алынып, Алматы қаласының тарихи-мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгеніне 40 жылдан асыпты.
Юлия Аллахвердиева, Алматы халықаралық әуежайының экологиялық және әлеуметтік мәселелері жөніндегі үйлестірушісі:
- Халықаралық сараптама жасалды. Иә, әрине, бұл ғимарат ерекше тарихи және мәдени құндылыққа ие. Бірақ әуежайды кеңейту барысында бұл нысан қолданыстағы терминалды жауып тастады. Сондай-ақ жанында қонақүй жақын орналасқан. Біз жұмыстарды жалғастырамыз. Өкінішке қарай, эстакаданы тұрғызу жұмыстарын жалғастырғанда нысан өзінің сәулеттік құндылығын жоғалтады.
Бүгінгі таңда әуежай басшылығы екі түрлі жоба ұсынып отыр. Алғашқы нұсқасында тарихи ғимарат өз орнында қалады. Ал екінші жобада ауыстыру қарастырылған. Егер ескі терминал орнынан көшірілетін болса, шетелдік инвесторлар тағы 4,5 млн доллар жұмсайды екен.
Тимур Елеусізов, қоғамдық бірлестіктің жетекшісі:
- Ескі бизнес-терминал немесе жаңадан салынғаны болсын, бәрібір қарапайым халыққа қолжетімсіз болады. Орнын ауыстырған күннің өзінде онда әуежай қызметкерлері отырады. Себебі өздерінің мамандарына орын жетпейді. Оны жолаушылар пайдалана алмайтындықтан, осындай даулы мәселеге айналды.
Жаңа терминалдың құрылысы 2024 жылдың жазында аяқталуы тиіс. Оның келбетінің қандай болатыны 4 тамызда қоғамдық талқылау аяқталғаннан кейін белгілі болады. Айта кетейік, құрылыс жұмысы кезінде әуежай ұшақ қабылдау мен халықаралық бағыттарға ұшуды тоқтатпайды.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев, Кенже Амраев