Алматыда жол жөндеу жұмыстары қызу жүріп жатыр
Ондағы құрылыс жұмыстарының қалай жүріп жатқанын қала әкімінің өзі барып көрді. Шаһар басшысы Наурызбай ауданынан бөлек Жетісу, Медеу аудандарындағы инфрақұрылым нысандарының құрылыс барысымен танысты.
Қаланы аралауға шыққан Ерболат Досаев ең алдымен Наурызбай ауданындағы Тастыбұлақ шағын ауданына барды. Мұнда алты көше жөндеуден өтіп жатыр. Қалған көшелер инженерлік коммуникациялық желілер толық аяқталғаннан кейін асфальттанады. Ал осы инженерлік коммуникациялық жұмыстарды дұрыс атқармаған, келісімшарттағы талапты орындамаған мердігер компанияны Экономикалық тергеу департаменті тексере бастады. Сондай-ақ қала басшысы Ақжар шағын ауданындағы жол құрылысымен танысты.
Мұндағы жол жөндеу жұмыстары 2023 жылдың соңына дейін аяқталады деген жоспар бар. Әкім асфальт төсеуге, оның сапасына қатысты ескертулер беріп, бақылауды күшейтуді тапсырды. Алдағы уақытта Төле би көшесі қала шекарасына дейін ұзартылады. Әкім осы жолдың құрылысында тексерді. Мұның да аяқталу мерзімі 2023 жылдың соңына дейін деп көзделген.
Алматылықтардың өтінішіне байланысты қала әкімінің тапсырмасымен «Алма city» тұрғын үй кешеніне қатынау мәселесі шешімін табатын болды. Яғни Төле би көшесі Жүнісов көшесіне дейін ұзартылады.
Ерболат Досаев Жетісу ауданындағы Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшелерінің қиылысындағы көлік айналма жолына да арнайы барды. Бұл нысанның құрылысы ұзаққа созылып кетті. Осыған байланысты әкім бір апта ішінде мердігерге шара қолдануды тапсырды. Бұл жолайырығы ашылған кезде солтүстік бағыттың өткізу қабілеттілігін жақсартады. Сейфуллин даңғылының бойындағы көлік қозғалысын 15-20%, Жансүгіров көшесінің бойындағы қозғалысты 10-15% жылдамдатады.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев