Семейдегі саябақ сиырлардың «мекеніне» айналды
Тұрғындар жаздыгүні бой сергітіп, серуендеп қайтатын қоғамдық орынға зәру. Шаһарда жалғыз саябақ бар, бірақ оның өзі талапқа мүлдем сай келмейді.
Ал қала халқы мен қонақтар қыдырып баратын Бейбітшілік аралы бүгінде адамдардың емес, сиырлардың мекеніне айналыпты. Зеңгі баба түлігі қоғамдық орынның әбден шырқын кетірген. Қалалық әкімдіктің бұған пәрмені болғанымен, дәрмені болмай отыр.
Сиырлар адамдар демалатын аумақта емін-еркін жүреді. Ең сорақысы, Бейбітшілік аралының ортасындағы «Өлімнен де күшті» монументінің маңайындағы гүлдерді жеп, гүл дестелерін құлатып, айналасын ластап кетеді. Бұл жағдайдың қайталанғанына бір емес, бірнеше жылдың жүзі болыпты.
Жақында осы проблеманы көтеріп, әлеуметтік желіде дабыл қаққан Абай облыстық мәслихатының хатшысы Қуаныш Сүлейменов: «Бұл мәселеге нүкте қоятын кез жетті», - дейді.
Қуаныш Сүлейменов, Абай облыстық мәслихатының хатшысы:
- Ветеринария заңы бойынша, жекеменшік малдар қыс уақытында қорада, жазда жайлауға кетуі керек немесе иелері ауласында ұстауы қажет. Бизнеске кедергі жасау ойымызда жоқ, дегенмен адамдардың да жағдайын ойлауымыз керек.
Аша тұяқтыларға аралды мекендейтін ауыл тұрғындарының да өкпесі қара қазандай. «Жүрмейтін жері жоқ, төңіректің бәрін былғап бітті. Бақшалардың қоршауын сындырып кетеді», - дейді олар.
Қапура Смағұлова, арал тұрғыны:
- Бәрін жеп кетеді. Жұрт бау-бақшаны мал таптасын деп еге ме?! Жұмыстан келсең, есік алды былығып жатады. Малды ұстаған соң, оған ие болу керек.
Ал сиырлары аралды еркін жайлаған мал иелерінің өз айтары бар.
Тыныс Ерғазина, арал тұрғыны:
- Саябақты қоршасын. Осы жерде 40 жыл тұрамын. Содан бері мал ұстап келе жатырмын, ұстай да беремін. Саябаққа өзіміз де барып демаламыз. Қоршап, дұрыстап ұстасын. Айыппұлды өмір бойы төлейтін жағдайым жоқ.
Азамат Қасым, тілші:
- Аралдың аумағы ашық-шашық, қараусыз жатыр. Ешқандай қоршау жоқ. Ал осыдан 10 жыл бұрын Татарстаннан арнайы әкеп егілген көшеттер бүгінде малдың таптауына түсіп, сола бастаған.
Бейбітшілік аралы 2009 жылдан бері Семей қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің қарауында. Демалыс орнының тазалығына да, қауіпсіздігіне де осы бөлім жауапты.
Құралай Дүйсенбаева, Семей қалалық ТКШ сектор меңгерушісі:
- Биыл аралда жөндеу жұмыстарын жүргізу, қоршау салу қарастырылмаған. Бірақ мұның барлығы жоспарға кіргізілген.
Семейдің экологиялық жағынан таза, жасыл қала болуға мүмкіндігі зор. «Ол үшін мұнда академиялық қалашық салып, хайуанаттар саябағын кеңейту қажет», - дейді зиялы қауым.
Бауыржан Ердембеков, Шәкәрім университетінің ректоры:
- Түйемойнақ аралы – киелі жер. Мұхтар Әуезовтің, Жүсіпбек Аймауытовтың табаны тиген жер. Әуезовтің еккен қайыңы бар деп естігем. Аралды жынойнақтың ордасына айналдырмай, рухани орталыққа айналдыруымыз керек. Үлкен шетелдік компанияларға ма немесе қазақстандық меценаттарға осы аралды беріп, Семей жасыл қалаға айналса, нұр үстіне нұр болар еді.
Заманауи қоғамда дамыған ел тұрғындарының қауіпсіз әрі жайлы тынығуы үшін арнайы орындардың мейлінше көп болғаны абзал. «Облыс орталығы дәрежесіне қайта ие болған Семей билігі осыған мән берсе игі», - дейді жергілікті халық.
Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов