СҚО-дағы 27 білім ошағында күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр
Бұл мақсатқа республикалық және облыстық бюджеттен 2,4 млрд теңге қаражат бағытталды.
Бұл – Тоқшын мектеп-гимназиясы. Жарты ғасырдан астам тарихы бар білім ошағында жұмыстың нағыз қызған шағы. Қазір құрылысшылар еден-есіктерді толығымен ауыстырып жатыр. Бұдан соң шатыры мен ғимараттың қасбеті жаңаланатын болады.
Күлшара Хамидуллина, мектеп директоры:
- Қажетті материалдар сатып алынды. Қазір жұмыс жоспарға сәйкес жүрігізіліп жатыр. Бұдан бөлек интернаттың шатыры, есік-терезелері және едені ауыстырылды. Бұл іс 30 мамырда басталды.
Құрылысшылар жұмыстардың жартысынан астамын еңсерді. Сәтін салса, іс тамыз айының соңына дейін аяқталуы керек.
Айбол Түлеков, мердігер:
- 25 адам жұмыс істеп жатыр. Мынау здания интернаты бар. Оны бітіп қалдық. Ішіндегі отделка, линолиум келді, бүкіл материалдар келді. Сол жұмысы ғана қалды. Соны 25 тамызға дейін талабымыз бар бітіретін.
Өткен оқу жылының соңында мұнда акт залының төбесі құлап, ол қас-қағым сәтте үйіндіге айналды. Сол кезде балалар қашықтан оқуға жіберілген еді. Әзір мұнда жаңа залын салу жоспарда жоқ.
Самат Қайырденұлы, тілші:
- Сәуір айында акт залының шатыры опырылып түскен болатын. Абырой болғанда ол кезде ешкім зардап шеккен жоқ. Сараптамадан кейін мамандар бұл нысанды біржола бұзып тастауды жөн санаған. Енді аталған білім ошағы акт залынсыз болады.
Биыл өңірде тек 27 білім ошағына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Дегенмен өңірде әлі жүздеген білім ошағы жаңалауды қажет етеді.
Владимир Ткаченко, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:
- 27 мектептің 20-сына қаржы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша бөлінді. Қарастырылған қаржы 2,4 млрд теңгені құрап отыр. Жыл сайын облыста жоқ дегенде 30 шақты мектеп жөнделеді. Құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты биыл олардың саны сәл аздау болды.
Қазір Тайынша ауданында үш апатты мектеп бар. Екеуінің құрылысы басталды. Алғашқысы желтоқсан айында халық иігілігіне беріледі.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов