Еңбекшіқазақ ауданындағы елді мекен тұрғындары құс фабрикасынан келетін күлімсі иістен тұншығып отыр
Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы елді мекен тұрғындары осылай деп наразылық білдіруде. Күндіз-түні шығатын күлімсі иістен жөтел, бас ауруы, көзден жас ағу сияқты аурулар көбейген.
Фабрика Бағдаршам ауылының іргесінде тұр. «Жолдың арғы бетіндегі кәсіпорыннан шығатын күлімсі иістен зәрезап болдық», - дейді тұрғындар. Далада жүру былай тұрсын, үйдің терезесін ашудан қалыпты. Жөтел қысу, көздің ашуы, бастың ауруы жиілеп кеткен.
Айдос Иманбеков, Бағдаршам ауылының тұрғыны:
- Күн ысыған сайын жағымсыз иіс күшейіп бара жатыр. Түнде ұйықтай алмайтын жағдайға жеттік. Түнде желдеткішін гүрілдетіп қосып қояды. Халық қиналып кетті. Өз басым осы жақта тұрғанымлы жөтел пайда болды. Қаншама дәрі ішіп жатырмын, пайдасы жоқ. Мұрын ашиды, бас ауруы пайда болып жатыр.
Бақыт Төреханов, Бағдаршам ауылының тұрғыны:
- Осы жерде тұрғаныма 7 жыл болды. Жеті жылдан бері фабриканың жағымсыз иісін иіскеп келе жатырмыз. Балаларымыз ауру болатын болды, ауырып та жатыр. Біздің ең бірінші мәселеміз осы. Қазір технологияның дамыған заманы ғой. Бір шешімін табуға болады деп ойлаймын.
«1977 жылы пайдалануға берілген құс фабрикасы барлық санитарлық, экологиялық талапқа сай», - дейді кәсіпорынның инженер-экологы. Айтуынша, әу баста 300 метр болған санитарлық аумақ кейінгі жылдары үйлердің көптеп салуына байланысты 25 метрге дейін қысқарып кеткен. Ауылдықтар иістен құтыла алмай әлек. Кәсіпорын басшылығы жұртқа жер телімін заңсыз берген әкімдікті айыптап отыр. Ал ауыл әкімінің өз уәжі бар.
Бақытжан Чурмақов, Жаңашар ауылдық округының әкімі:
- Аудандық саниатарлық-эпидемиологиялық бөлімге хат жолдандық. Облыстық экология департаментіне өз тарапымнан хат жолдадым. Құзіретті орган санитарлық қорғау аймағының сақталуын және ауаның айналаға таралған иісінде зиянды заттар бар-жоғын тексеріп, қорытындысын береді.
Облыстық экология мен санитария департаментінің құс фабрикасын қашан тексеретіні, нәтижесінде қандай шешім шығаратыны әзірге белгісіз.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Әбен Нарымбаев