Шемонаиха ауданы Барашки ауылының тұрғындары ауызсуға жарымай отыр
Жергілікті шенеуніктерден әбден көңілі қалған елді мекен халқы жұмысшы мен арнайы техника жалдап, суды үйлеріне өз күштерімен тартып жатқан көрінеді. Ал әкімшілік қызметкерлері: «Алаңдайтын ештеңе жоқ», - деп алаңсыз отыр.
Барашки ауылындағы су құбыры 2014 жылы жөнделген. Алайда елді мекендегі екі көше мен 40-қа жуық үй орталықтандырылған су жүйесіне әлі қосылмаған. Жергілікті әкімдіктен қайран болмаған соң, тұрғындар өз бетімен әрекетке көшіпті.
Бірінші топтағы мүгедек Нұрбек Базаев амалдың жоқтығынан үй жанындағы құдыққа қолдан құбыр жалғапты. Бұл әдіс жазда ғана жарамды екен.
Нұрбек Базаев, ауыл тұрғыны:
- Бізде су жоқ. Су мәселесін шешсе, алғысымызды айтар едік.
Аудандық Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары бұл мәселеден бейхабар болып шықты. «Ауылдағы су құбыры жұмыс істеп тұр. «Құжаттары түгел, желі елді мекендегі суға жауапты мекеменің қарауына берілген», - дейді.
Анастасия Тиц, аудандық ТҮКШ, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы:
- Су құбырының жобасын құрылыс бөлімі дайындаған. 2014 жылы жүзеге асырылған. Су бар. Ешқандай мәселе жоқ.
Облыстық Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының деректеріне сүйенсек, Шығыс Қазақстан тұрғындарының 97% орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген. Биыл құны 22 миллиард теңгені құрайтын 32 жоба іске асырылады деп жоспарланған. Сандар осылай сөйлейді. Ал тұрғындар: «Сан мен сапа сай келсе», - дейді.
Авторлары: Азамат Қасым, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин, Жігер Бабаханов