30 тамыз — Қазақстан Республикасының Конституциясы күні
Оның алғашқы бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады. Оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп көрсетілген. Осылай негізгі құндылықтарымыз айқындалып, заңмен бекітлген. Осы тұста басты құжаттың қалыптасу тарихы мен мазмұнына бір шолу жасап өтсек.
Ата заң деген адамның өмірінің негізі, мемлекетіміздің негізі. Міне сол үшінде оның қабылданған күні мемлекеттік мереке ретінде белгіленген. Саясаттанушы Талғат Қалиев Конституция, одан туындаған нормативтік құқықтық актілердің мазмұнына тереңінен тоқталды. Әр қазақстандық өмірге келгенінен бақилық болғанына дейін Ата заңмен қорғалған. Тек біз оны бүгінде әдеттегі ахуал ретінде қарастырып аса елей бермейміз.
Талғат Қалиев, саясаттанушы:
-Мысалы, сіз үйде отырсыз, біреу келіп оны алып қоя алмайды. Өйткені ол адамның жеке меншікті дүниесі, Конституциямен қорғалады. Сіз көлікпен жүріп келе жатасыз. Ешқандай полиция сізді тоқтата алмайды, егер, сіз заң бұзбай келе жатсаңыз. Ол да сіздің бостандығыңыз. Сіз ұшып бір жаққа демалысқа барамын дейсіз. Оның бәрі сіздің жүру бостандығы бар, оның бәрі ата заңда белгіленген.
Одан өзге емделуіміз, білім алу, жұмыс істеу бәрі Ата заңмен астасып тұр. Ол құқықтық тәртіп тәуелсіздік алған тұста ғана пайда болған жоқ. Өмір сүрудің қағазға жазылған үлгісі орта ғасырдан бері қоғаммен бірге дамып келеді. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» тарихтан белгілі. Ол құжаттарда жер дауы, мал-мүлік дауы, әскери заң, елшілік, тіпті той-думан, ат жарыс ережелеріне дейін қамтылған. Ежелгі құжаттардың мазмұны халық аузында «Қара қылды қақ жару», «ердің құны жүз жылқы» деген мәтел сөздер қалпында сақталған. Кеңес үкіметі тұсында үш Конституциямыз болыпты.
Ал қазіргі қолданыстағы Ата Заң 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық дауыс беру кезінде қабылданған. Содан бері Конституцияға 6 рет түзету енгізілді. 1998 жылы 19 бап өзгерсе, 2007 жылы 30 түзету енгізілді. 2011 жылы тек 1 бап өзгертілді. 2017 жылы Ата заңдағы 19 бапқа 26 өзгерту енгізілді. Ал осыдан 3 жыл бұрын 2019 жылы Конституцияның 1 ғана бабы өзгертілді. Биыл референдум нәтижесі бойынша 33 бап өзгеріске ұшырады. Енді конституциялық сот құрылады.
Марат Бәшімов, заңгер:
-Ол бірақ функциясы бар Конституцияны қорғауға. Конституцияның нормасы сәйкес келмес ол 19 млн халықпен байланысты ғой. Бір ғана норма бүкіл 19 млн халықты қорғап отырады. Мысалы, өкіметтің қаулылары бар оларда кейде сәйкес келмейтіндері болады Конституцияға.
Сонымен Ата заңымыз өткеннің іс-тәжірибесіне, бүгінгі қоғамның қажеттілігіне, өмірдің құндылықтарына сүйенген құжат ретінде дамып келеді. Халықаралық стандарттарға незделгендігі тағы бар. Мамандардың бағалауынша Ата заңымызға енгізілген соңғы өзгерістер әлемнің жүзге тарта елінің тәжірибесіне негілделе отырып жасалған.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Болатбек Табалдиев