Алматыда отандық «Менің үлкен қазақы отбасым» фильмінің жалғасы түсіріле бастады
Комедиялық жанрдың жалғасын Tiger Films кинокомпаниясы Sirius Star Media бірге түсіріп жатыр.
«Менің үлкен қазақы отбасым» фильмінің алғашқы бөлімі экранға былтыр желтоқсан айында шыққан еді. Бір отбасының үш қызы мен олардың күйеулері туралы баяндалатын туынды қызықты оқиғалармен өрбіген. Енді Tiger Films кинокомпаниясы комедияның екінші бөлімін түсіруге кірісті.
Дархан Саркенов, фильм режиссері:
-Бұл жерде отбасының барлық мүшесі жоқ, тек қана бажалар және сол өздерінің қайын ағалары. Бұл фильмнің ерекшелігі – бажалар аралығындағы қарым-қатынастары, бір-бірін сыйлауы. Оның үстіне бұл бажалар кәдімгі қазақ бажалар сияқты емес, түрлі ұлттан жиналғандықтан өзара кейбір түсініспеушіліктер болып жатады.
Фильмнің екінші бөліміне де негізінен әуелгі актерлер құрамы тартылған. Продюсері — Бақытжан Жүнісбеков. Ал басты рөлдегі Майкл бейнесін отандық актер Дэниел Джеймс ойнайды. Кино негізінен Алматыда түсіріледі.
Дэниел Джеймс, актер:
-Екінші бөлімінде ол бір жыл ауылда уақыт өткізіп, қазақша белсенді сөйлеп, бажаларымен араласып кетеді. Бірінші рет осы фильм шыққанда өте табысты болды. Сол үшін кинопарк екінші бөлімін Tiger Films түсіруге мүмкіндік берді. Алғыс білдіреміз.
Түсірілім жұмыстарын бір ай көлемінде аяқтау жоспарланып отыр. Ал толықметражды фильм экранға келесі жылдың басында шығады.
Авторлары: Алмас Садуақас, Сержан Жұмабаев