Хабар телеарнасы

Түркияның Изник қаласында IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді

Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды. Спорттық шара бағдарламасына 13 ойын түрі енген. Қазақстан құрамасы 5 спорт жарысына қатысады. Атап айтқанда, көкпар, жамбы ату, қазақ күресі, көкбөрі, дәстүрлі садақ атудан cпортшыларымыз бақ сынайды. Көшпенділер ойындарына қатысатын қазақстандық құрама команда Түркияға жарыс аттарын апармайды.

Бақдәулет Сәбитов, Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры:
-Біз Түркия мемлекетінен жалға алып отырмыз. Түркияның біздің көкпарға ұқсайтын «Жирит» деген спорт түрі бар. Сонымен айналысып жүрген аттар біздің көкпарға келетін болғандықтан, біз солармен ресми келісімшартқа отырып, аттарын алып, ертең 28 қыркүйек күні спортшыларымыздың алдынан аттар күтіп алатын болады. Бір атты қазір шамамен 300 долларға деп келісіп отыр. Бірақ бағасы аттың деңгейіне байланысты.