Астанадағы «Жоламан» аэродромында Қазақстанның әуе қорғаныс саласындағы техникалары таныстырылды
Мамандар: «Бұл өзгерістер қазіргі заманның сұранысы», – дейді.
Нұрлан Әбдікәрім, тілші:
- Бұл «Шағала-М» әуетехникасы аймақты бақылауға арналған. Әсіресе ауыл шаруашылығына қажетті техникалардың бірі. Айтар болсақ, «Шағала-М» сағатына 120 шақырым жылдамдықпен әуеде 4 сағат қалықтай алады. Бұған дейін аймақты бақылау қызметін мына ұшақтар жасаған еді. Қазірде бұлар оқу-жаттығу жұмыстарына ғана қажетті.
Шара барысында ұшқыштар оқу-жаттығу жұмыстарын да жүргізіп, әуеде ұшудың әртүрлі әдістерімен бөлісті. Айта кетейік, бұл «Жоламан» әуе алаңшасы қазірде Қорғаныс министрлігінен «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясы» АҚ меншігіне беріліп жатыр.
Қанат Халықов, «Қазақстан инжиниринг» АҚ ҰК департаментінің бас менеджері:
- Ұшқыштар мен техниктер қазірден бастап маман дайындау жағын әрі қарай қолға алу үшін осы авиациялық оқу орталығын «Қазақстан инжиниринг» компаниясына беріп отыр. Ұшақтармен дайындалған ұшқыштар аса жеңіл авиация саласында жұмыс істей алады.
Аэродромның ашылғанына биыл 16 жыл. Осы жылдар аралығында 500-ден аса техник пен авиамеханиктер дайындалса, 1500-дей ұшқыш тәрбиеленіпті. Алайда мамандар тәжірибе алаңының қазіргі инфрақұрылымдық жағдайы көңіл көншітпейтінін айтады.
Серікбек Жандыкеев, авиациялық оқу орталығының бас директоры:
- Радиоқондыру құралдары, навигация, медициналық пункт, диспетчерлік қызмет жоқ. Бізде тас жолдар мен жолақтар жоқ. Барлық жағдай жасалса біз толық күште жұмыс істер едік. Алаңшаның маңыздылығы ұлғаяр еді.
Бұл жердің жаңа иелерінің айтуынша, алдағы уақытта қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Тиісінше бүгінгі ашық есік күні аясында серіктес ивесторлар тарту да көзделген.
Авторлары: Нұрлан Әбідкәрім Азамат Саметов