Ақтөбе облысында 20 әкім жауапқа тартылды
Жергілікті және республикалық маңызы бар жолдарда көптеген заңбұзушылықтар анықталды. Мәселен, асфальті тозып, жолға тиісті белгілер орнатылмаған. Сондай-ақ қыс мезгілінде дер кезінде қардан тазартылмай, мұз бетіне инертті материалдар себілмеген. Полицейлер 32 мың шақырым жолды тексеріп, анықталған кемшіліктерді жою туралы мың жарымнан астам ұйғарым берген. 210 лауазымды тұлғаға 5 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.
Еркін Өтеген, облыстық полиция департаментінің бөлім бастығы:
- Әкімшілік жауапкершілікке тартылғандардың ішінде әртүрлі деңгейдегі 20 әкім бар. Сонымен қатар автомобиль жолдары басқармасының басшысы бар, орынбасары бар және лауазымды тұлғалар бар. Олар өз құзырында ұйымдастырып, мердігер мекемелермен бірге осы шұқырларды бітеп, жолдарды күтіп ұстауына жауапты тұлғалар ретінде әкімшілік шараға тартылды.