Алматыда балалар жылына арналған гала-концерт өтті
Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернат оқушылары «Алатау» дәстүрлі өнер театрын ән мен күйге бөледі. Балалар жылына арналған гала-концерт Түркештің «Көңілашар» күйімен ашылды. Бұдан бөлек өнер мектебінің халық аспаптар оркестрі, симфониялық және үрмелі аспаптар оркестрі, хор мен жеке орындаушылар көрерменге үздік шығармаларды тарту етті. Әсіресе талғампаз көрермен Ермұрат Үсеновтің «Шыңырау құс» композициясын, Ахмет Жұбановтың «Би» күйін тамсана тыңдады. Айта кетейік, бұл шығарма осы мектептің «тұлқұжатына» айналған туынды. Ұжым осы күйді орындап, бірнеше халықаралық байқаулардан жүлделі орындар иеленген.
Нұркен Әшіров, А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат директоры:
- Болат қайнауда шынығады дегендей, біздің балалар байқауда шынығады. Соның енді жемісі нәтижесі осы сахнада көріну керек деп есептейміз. Өнер адамы болған соң бұлардың енді басты мұраты, мақсаты, арманы осы сахна, сахнада өнер көрсету.
Әбілхайырхан Бисеков, халық аспаптар оркестрінің жетекшісі:
- Балаларымыздың дарыны өте жоғары. Көктемде Әбдіберікұлы Бекболат деген дирижеріміз бар. Сол кісінің бастауымен оркестріміз Ташкент қаласынан гран-при ұтып алған болатын. Біздің оркестріміздің жетістігі үлкен.