Ақтөбе облысындағы кәсіпкер әйелдердің саны 17% өсті
Әйел азаматтары бизнестің барлық саласын қамтыған. Соңғы жылдары көпбалалы аналар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасы өкілдері де жеке іс ашып, табыс табуға ден қойып жатыр. Бұл орайда мемлекеттік қолдаумен қатар өңірдегі іскер әйелдер кеңесінің де саланың қарыштап дамуына үлесі бар екендігін айтқан жөн. Бірлестіктің белсенді мүшелері өңір басшысымен жүздесіп, кәсіпкерліктің даму бағытын талқылады.
Сексен көлдің бойында орналасқан Ырғыз ауданы тұрғыны Құралай Берекеш үш жыл бұрын жеке кәсібін ашқан. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізі ел іргесінде болғандықтан туристтерге түрлі қызмет ұсынуды жөн көріпті. Жобасы жүзеге асып, мемлекеттік грант есебінен этно үлгідегі «Қонақжай» киіз үйінде жолаушыларды қабылдайды. Ас мәзірінде ұлттық тағамдар да бар.
Құралай Берекеш, кәсіпкер:
-Ырғыздың байлығы — балығы. Сол балықтан мына көрмеге бір балықтан 12 түрлі өнімді дайындап, ұсынып әкеліп тұрмын. Енді менің алдағы мақсатым мына «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, өзімнің кәсібімді әрі қарай дамыту.
Биыл өңір кәсіпкерлерін қолдап, дамытуға бюджеттен 11 млрд теңге қаржы бөлінген. Оның жартысынан көбі бизнес саласындағы нәзік жандыларға тиесілі. Ұлттық қолөнерді дәріптеп қана қоймай, тұрақты табыс көзіне айналдырған шебер тігіншілер мен қарапайым наубайханадан бастап түрлі ас әзірлеп нәпақа тауып отырғандар қазір шаһарларды айтпағанда шағын ауылдарды да қамтыған. Биылдың өзінде бизнестегі әйелдер саны 17% артып отыр.
Ералы Тоғжанов, облыс әкімі:
-Әсіресе көпбалалы аналар мен ерекше балалары бар аналар басқа жерлерге барып жұмыс істеу қиындық туғызады. Сондықтан әйелдер қауымын қолдау ең бір қажетті бағыттардың бірі деп ойлаймыз. Неге десеңіздер отбасының жылылығы да, отбасының болашағы да әсіресе балалардың көптеген тәрбиесі де мына аналармен тікелей байланысты.
Облыс әкімі саланың дамуына үлес қосып, жүздеген жұмыс орнын ашып отырған тәжірибелі кәсіпкерлерге алғыс хатын табыс етті. Ал жеке бизнесін бастауға ниет еткендерге өңірдегі әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығына жүгінуге кеңес берді. Палата жанынын құрылған бірлестікте дәріс алып, шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың қыр-сырымен танысуға болады.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков