Бурабайда демалушыларды қандай қызықтар күтіп тұр?
«Бұл былтырғымен салыстырғанда едәуір көп», – дейді жауаптылар.
«Алайда демалушылардың дені жаздыгүні келеді. Қыста саяхатшылардың қатары күрт азаяды. Бірақ қыстың да өз қызығы бар. Осыны ескерген сала мамандары соңғы жылдары ақ қар, көк мұзда да қыдыруға болады», – деп жұртшылықты барынша қызықтыруға тырысып бағуда.
Мұндағы қысқы туризмнің басты нысаны – қарамағында «Аяз Атаның резиденциясы» атты ойын-сауық орталығы бар демалыс аумағы. Бұл ғимаратта келушілер ертегілер әлеміне саяхат жасай алады. Ал сыртта қалауыңызша бұғы немесе ит жеккен шанамен серуендей аласыз.
Дмитрий Афанасьев, «Бурабай даму» мекемесінің менеджері:
- Сондай-ақ бұл маңайда коньки теуіп, биіктіктен сырғанауға мүмкіндік бар. Одан бөлек ат немесе квадроциклді жалға алуға болады. Ал келешекте қар қалашығын салып, экстремалды ойын түрлерін ұйымдастырамыз.
Сонымен қатар саяхаттаушылар мұз қатқан Шортан көлінде серуендеп, сол маңдағы Жұмбақтасты тамашалап, Оқжетпеске көз жүгірте алады. Одан қалды марал шаруашылығы мен ну орман бар. Бірақ Бурабайда бірнеше күн демалуды көздеген адам үшін сырттағы ойын-сауық осымен бітті десек артық айтқандық емес. Себебі қысқа тән қызықты нысандар саусақпен санарлық.
Тахир Кескинбычак, саяхатшы:
- Мұнда әсіресе, ересектерге баратын орындар өте аз. Ал оны жасауға көп мүмкіндік бар. Бірақ соны пайдалана алмай отыр.
Түркиялық туристің сөзінің жаны бар. Оның бір ғана мысалы 250 мың гектар жерді алып жатқан табиғи парк аумағында небәрі бір ғана шаңғы базасы бар.
Әсем Нұғымова, «Бурабай даму» мекемесінің баспасөз хатшысы:
- Біз жыл сайын қысқы ойын-сауық түрлерін көбейтуге тырысып жатырмыз. Айталық, биыл сырғанақтар көбейді. Одан бөлек кейбір қонақ үйлердің жанында коньки теуіп, биіктіктен сырғанауға жағдай жасалған. Қолымыздан келгенше осылай қысты қызықты өткізуге күш салып отырмыз. Ал қалғаны туризм бөлімінің жұмысы.
Осы тұста айта кету керек, қыстыгүні аймақтағы туристік нысандардың жартысына жуығы жабылады. Ал оған не себеп? Қысқы туризм неге дамымай отыр?
Андрей Подгурский, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары:
- Біріншіден, бұл қыста туристер қатарының азаюымен байланысты. Бұны білетін демалыс орындары қыста жұмыс істегісі келмейді. Себебі пайда мен шығынды есептейді. Одан қалды туристік нысандардың көбінде қысқы сауық түрлерін ұйымдастыру үшін тиісті инфрақұрылымы жоқ. Міне, осы себептер қысқы туризмнің дамуына қолбайлау болып отыр.
Осыны ескерген Үкімет, биылдан бастап туризм саласына қаржы құйған кәсіпкерлерге 10-нан 25% дейін субсидия беретін болыпты. Яғни кеткен шығынның бір бөлігін мемлекет өтейді. Жауаптылар бұның да септігі тиер деп үміттеніп отыр.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Наурызбай Құрманғазы, Евгений Шинкаренко