Шамалған ауылының тұрғындары газ бағасына көңілі толмайды
Олар газ бағасының неге аспандап кеткенін түсінбей жүр. Желтоқсан айына газ үшін төлем 10-15 мың теңгеге көп келген. Шамалғаннан өзге Жандосов, Шалқар, Қайрат, Еңбекші, Құмарал, Үштерек ауылдары мен Дархан саяжайында да осындай жағдай. Бұл елді мекендерге көгілдір отынды «Сигма-газ» компаниясы таратады. Бағасы текше метрі 34 теңге 75 тиын. Ал Қаскелең қаласында газдың текше метрі — 26,89 теңге. Бірақ көгілдір отынды Қаскелеңге басқа компания таратады. «Сигма-газдың» өкілі қазіргі тарифты монополияға қарсы мекеме бекіткенін айтты. Әрі баға жазда өскен. Бірақ күн жылыда шығын аз болғандықтан, айырмашылық сезілмеген дейді.
Мүбәрәк Мақсұтұлы, тұрғын:
- Өткен айда 20 төлегенмін қараша айына, желтоқсан айына 34 мың теңге төлеуге тура келді.Ондай айырмашылық тарифтың қымбаттауынан болуы мүмкін емес. Ол газдың сапасына байланысты. Қазір күні түні 60-пен тұрады. Содан кейін әрине газдың расходы көп болғаннан кейін ақшасы да көбейеді ғой, газ таза емес, газдың құрамында примесьтері көп.
Жасұлан Естенов, Қарасай ауданының әкімі:
-Комиссия құрамыз, антимонопольный мекемені шақырамыз. Біріншіден бұлардың жұмыстарын тексеруіміз керек, содан кейін жұмысында, тарифының орындалуында кемшіліктер болса, біз оларға талабымызды қоямыз да, сол талаптарды орындауға мәжбүрлейміз.