Атырау облысы Жылыой ауданында су тапшы
Әрі қақаған аяз ашық су көздерін қатырып тастады. Салдарынан малға су жетпей жатыр. Жер асты су көздері 80-120 метр тереңнен шығатын аудан халқы үшін құдық қазып алу оңай емес. Ал арнайы техникамен қазылатын ұңғымалардың субсидиясын мемлекет төлемейтін болған. Тұрғындар амалдың жоқтығынан мұзды ойып, малға ерітіп беріп отыр. Бірақ бұл да төрт түліктің шөлін басуға жетпейді.
Жылыой ауданынадағы 400-ге тарта шаруашылықтың дені осы Жем өзені бойынан ұзай алмай жүр. Себебі қырда су жоқ. Жылда осы уақытта көбік қардан сусыны қанып тебінде жататын жылқы мен сиыр қазір өзеннің мұзын жалап жан бағуда. Ал аязбен алысып мал суарған малшының азабы айтпаса да түсінікті.
Арыстанбек Кенже, тілші:
- Жылыой ауданындағы малдың негізгі қорегі осы Жем өзенінен алынады. Алайда тіршілік нәрі жылдан-жылға азайып барады. Биыл өзен тасыды. Соның өзінде қазіргі тереңдігі 35-40 см-ден аспайды. Мысалы 3 мың бас қойды суару үшін 55-60-қа дейін үкі оюуға тура келеді. Оның өзі қақаған аязда үлкен бейнет.
Бақтығали Жиенқұлов, шаруа қожалығының жетекшісі:
- Қыстың қытымырлығы қаттылу болып тұр. Бізге Жем өзенінің ағып тұрғанының көп пайдасы бар. Бүкіл шаруашылық осының бойын сағалап отыр. Мемлекеттен көмек мына Жем өзені терең болып ағып тұруы керек. Қазір осы судың кейбір жерлері таяздықтан жабысып қалып жатыр. Ойғанда астында су болмай қалады.
Ауданда 21 мың сиыр, 77 мыңнан астам қой-ешкі, 12 мың жылқы мен 10 мыңдай түйе малы бар. Жем-шөп қоры жеткілікті. Тек қинайтыны судың тапшылығы.
Нұртас Қуатбаев, Жылыой аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Біздің ауданда Жем өзені жоқ жердегілер жерасты суын пайдаланады. Скважиналар қазып жерасты суын пайдалансақ өте жақсы болар еді. Бұрын Үкімет тарапынан 80% субсидия болған. Қазір алып тастады. Соны қайтадан күшіне енгізссе, шаруашылықтарға көп көмегі тиер еді.
Қарақтақақ тек Жылыой ауданын ғана емес, мұнайлы өңірдегі Исатай, Мақат аудандарындағы мал мен жанға қиын тиіп тұр. Синоптиктердің болжауынша, қаңтар айы құрғақ өтетін сыңайлы. Сондықтан шаруаларға тек өзі күшіне сенуден басқа амал жоқ.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев