Оралда қар тазартатын коммуналдық кәсіпорын тәулік бойы жұмыс істеу тәртібіне көшті
Өйткені, тек соңғы екі күнде түскен қардың көлемі нормадан бірнеше есе көп. Салдарынан қалада көлік қозғалысы қиындап, жол апаты көбейді. Қазір осы іске жауапты кәсіпорын өзінің 200-ге тарта техникасы мен 370-дей жұмысшысын қар күреуге жұмылдырған. Бірінші кезекте үлкен көшелер, мектеп, балабақша, ауруханаға апаратын жолдар тазартылып жатыр. Бүгінге дейін қаладан 54 мың текше метр қар шығарылды.
Өскеменде тұрмыстық қатты қалдықтарды ақшаға өткізуге болады. Ол үшін қоқысты сұрыптап, қабылдау бекетіне жеткізу керек. Пластик, макулатура мен металдың келісі 15 пен 150 теңге аралығында. Егер эко-жоба тиімді болса, облыс орталығында 10 шақты қоқыс қабылдау орны ашылады. Бұл бастама халық арасында тез тарап жатыр. Кәсіпкерлер картон мен пластик бұйымдарды бұрынғыдай үйіп тастамай, өткізетін болған. Мәселен, 300 тонна қоқыс өңделсе, 30 млн теңге пайда әкеледі.
Ал Шымкентте мейрамхана мен дәмханалардың тамақ қалдықтары өңделіп, тыңайтқыш жасалады. Жобаны Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары биыл жүзеге асырады. Бастамаға кәсіпкерлер демеушілік жасап отыр. Мұндай қондырғылар әлемде бұрыннан бар. «Бірақ отандық өнертабыстың артықшылығы көп»,–дейді мамандар. Біріншіден, бағасы қолжетімді, екіншіден, электр қуатын аз тұтынады. Қондырғы 10 келі қоқысты 1,5 сағатта тыңайтқышқа айналдыра алады екен.
Петропавл тұрғыны жеңілдікпен тауар аламын деп, опық жеп қалды. Не ақша, не тауар жоқ. Өткен жылы тек Солтүстік Қазақстан обылысында 800-ге жуық осындай қылмыс тіркелген. Оның 163-і ғана ашылды. Сорақысы сол, сайттармен түрлі әлеуметтік желілер арқылы талайды тақырға отырғызғандардың саны уақыт өткен сайын артып барады. Ал оларды іздеп табу да оңай шаруа емес. Себебі пысықайлардың көбі басқа мемлекеттен.