Елімізде көктемгі дала жұмыстарына дайындық басталды
23 миллион гектардан астам жерге егін егу жоспарда. Ол үшін 140 млрд теңге қаражат қарастырылып отыр. Үкімет отырысында айтылғандай, биыл әлеуметтік дақылдарға басымдық беріледі. Ал қант қызылшасы жылдағыдан шамамен 7 мың гектарға артық себілмек. Алайда бұл жолы мақта егістігінің алқабы азайған.
Ауыл шаруашылығы министрі қажетті 160 мың трактор, 5 мың агрегат, 226 мың топырақ өңдеу құралдары сақадай сай тұр дейді. Дала жұмыстарына 413 мың тонна дизельді отын беріледі. Оның бағасы литріне 184 теңге болып бекітілді. Үкімет басшысы егінге қажетті тыңайтқыштарды өз уақытында пайдалануды тапсырды.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
-Қазіргі таңда тыңайтқыштарды қолдану көлемі ғылыми қажеттіліктің небәрі 26% ғана құрап отыр. Сарапшылардың бағалауы бойынша минералды тыңайтқыштардың жеткілікті деңгейде себілмей қалуынан біздің дихандарымыз 10 млн тоннаға жуық жоғары сапалы бидай өндіру мүмкіндігінен айырылып отыр. Суды көп қажет ететін дақылдардың алқаптарын азайту тетіктері дұрыс жолға қойылмай келеді. Осы бағыттағы жұмысты күшейту қажет.