Көктемге дайынбыз ба?
Алдағы наурызда Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашын әдеттегіден көп жауады. Көктемнің алғашқы айында біраз аймақта қар ери бастайтынын ескерсек, мұның бәрі су басу қаупін тудыруы мүмкін. Ал тасқынға дайындықтың маңызды шараларының бірі — елді мекендердегі ағын су жүретін арықтарды тазалау.
Көктем жақындағанда қаладағы әрбір суағардың, арықтардың, осындай қуыс-қуыстағы су ағатын жерлердің барлығының таза болуы маңызды. Мәселен, мына жерден шағын арық өтіп жатыр. Әлбетте онда қар бар, былтырғы күзден қалған жапырақтар бар. Оның барлығын осылай ашып, тазалап тастаған абзал. Өйткені бұл ертең судың жолына тосқауыл болуы мүмкін.
Астана қаласы әкімдігінің мәліметінше, бас шаһарда мұндай арықтарды тазалау жұмыстары жаппай басталып кеткен. Одан бөлек қар шығару да үздіксіз жүргізіліп жатыр.
Ал бұл кадрлар естеріңізде болар. Былтыр жазда нөсер жауыннан Астананың бірқатар көшесі көлге айналды. Бұған жер астындағы жаңбыр суына арналған құбырлардың бекітіліп қалуы мен кей жерлерде тіпті, оның жоқтығы сеп болды. Әкімдіктегілер ондай проблемалы аумақтарға өткен жылы кәріз желісі салынғанын айтады. Бас-аяғы сондай 18 шақырым құбыр тартылыпты. Осылайша «қаладағы 2 мың гектардан астам аумақты қамтыдық», — дейді.
Асқар Мүсілов, нөсер кәрізі және сумен қамту бөлімінің бас маманы:
-2023 жылы бізде Нұрлы жол вокзалы ауданында суағарлар салу жоспарланған. Себебі ол аумақта жаңа үйлер көптеп тұрғызылып жатыр. Сондай-ақ нөсер коллекторлары Көктал-1 шағын ауданында да салынады. Сонымен қатар Ильинка тұрғын алабы мен елорданың сол жағалауындағы еріген қар суын жинайтын тазарту нысанын жөндеу ойымызда бар.
Жергілікті билік өкілдерінің сөзіне сенсек, енді суағарлармен қамтылмаған қаланың шеткі аумақтары ғана қалды. Ал Алматы көшелерінде су басу қаупі бар жаңа орындар анықталып жатыр. Жауапты басқарма өкілдерінің айтуынша оған қарқынды салынып жатқан құрылыс себеп болған. Ал былтырғы мониторинг бойынша 100-ден астам су басуы мүмкін аумақ бар. Олардың жартысынан астамы өте қауіпті санатқа жатады. Жалпы мегаполисте 800 шақырым арық қар мен мұз және қоқыстан тазартылыпты. Алматыда тасқын қаупін тудыратын өзен де көп.
Мақсат Қабиденов, Экология және қоршаған орта басқармасының бөлім басшысы:
-Қаладағы басты алты өзен бойында 126 шақырымға жуық жағалауды нығайту талап етіледі. Олардың 30-ы жобалық-сметалық құжаттама дайындалып жатыр. Ол Үлкен Алматы, Кіші Алматы, Бөкенбай, жобалық-сметалық құжаттама дайындалып жатыр.
Айта кетейік, қазір еліміз бойынша көктемгі су тасқынына дайындық қызу жүріп жатыр. 20 ақпанда төтенше жағдайлар қызметінің мамандары жергілікті әкімдіктердің әзірлігін тексеруге кірісті. Олар елді мекеннен қардың шығарылуынан бастап, жоласты өткелдері мен арықтардың тазалығына, су қоймаларының қауіпсіздігі мен қатері күшті аумақтарды анықтауға мән береді.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Ұлан Нарынбек, Әлібек Әлиев, Тоқтар Терлікбаев