Алаяқтық өршіп тұр
Жыл басталғалы небары екі ай өтті. Алаяқтардың белсенділігі басым. Әсіресе ғаламторда... Мәселен, биылдың өзінде 4 мыңнан астам заң бұзушылық тіркелген. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 44% артық. Жалпы алдау мен алдану неге жиілеп кетті?
Солтүстік Қазақстан обылысынан бастайық. Өткен жылы 800-ге жуық осындай қылмыс тіркелген. Олардың тек 163-і ғана ашылған. Ал Жезқазғанда соңғы 2 айда 57 адам ғаламтор арқылы тауарға тапсырыс беріп, алданған. Олардың бірі — Қанат Сұлтановтың анасы.
Қанат Сұлтанов, Жезқазған қаласының тұрғыны:
-100 мыңның креслосын алып, менің ата-анама 1 млн 100 мың теңгеге сатқан. Ал ол кресло шынымен де магазинде 100 мың теңге тұрады екен. Соны көргеннен кейін қайтару керектігін айттым.
Қазіргі таңда бұл алаяқтық дерегі бойынша жалпы 9 млн теңге тұрғындарға қайтарылған. Ал Қостанайда криптоқылмыс жасаған Ресей азаматынан 85 миллион теңгеге бағаланған жылжымайтын мүлік тәркіленген. Ішкі істер министрлігінің айтуынша бұл анықталған қылмыстардың бір бөлігі ғана.
Назира Маханова, ІІМ Баспасөз қызметінің сарапшысы:
-Өткен жылы елімізде 20 мыңнан астам интернет-алаяқтығы тіркелсе, соның 4,1 мыңы ашылды. Қалғаны іздестірілуде. Интернет-алаяқтығын шетелде отырып та жасай алатындықтан, бұл қылмыс түрін тергеп, ашудың айтарлықтай қиындықтары бар.
Бұл мәселені депутат Амангелді Толамисов Сенатта көтерген болатын. Әсіресе жеке дербес деректердің желідегі қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдіріп, кешенді талдау керегін айтқан.
Амангелді Толамисов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
-Соңғы 5 жылда интернеттегі алаяқтық саны 10 есеге өсті. Бүгінгі таңда жеке адамдардың тегі, аты және әкесінің аты және олардың жеке сәйкестендіру нөмірлері сияқты мәліметтер басқа мақсатта пайдалануы мүмкін. Қылмыстарға кешенді талдау жүргізу керек.
Ал психологтардың айтуынша алдау мен алдану процесі эмоциялық деңгейге де байланысты.
Ержан Мырзабаев, психолог:
-Ең негізгі эмоция — ол қорқу эмоциясы. Қазір төлемесеңіз мынадай жағдай болып қалады, екіншісі — оңай жеңіл тез олжа. Ол кезде кішкене ашкөздік сезімімен ойнайды. Егер хабарласқан кісі осы екі эмоцияңызды оқшаулатып жатса сол кісімен хабарды үзу керек. Өйткені олардың мақсаты сізге ойлануға мүмкіндік бермеу дереу өзіне қажетті әрекет жасату болып табылады.
Демек әр азамат кез келген уақытта сақ жүру керек. Әсіресе «Банк», яки «Полиция қызметкерімін» деп қоңырау шалғандарға жеке дербес деректерді, банк есепшоттарын айтуға болмайды. Сондай-ақ белгісіз сілтемелерге де өтпеген дұрыс. Мамандар тек ресми ақпарат көздеріне сүйеніп, алаяқтықпен бірге күресуге шақырады.
Авторы: Нұрлан Әбдікәрім