Хабар телеарнасы

Биыл еліміздің 255 елді мекенінде су тасқыны болуы мүмкін

Себебі қар көп. Бұл туралы Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мәлімдеді. Айтуынша, Маңғыстау мен Ұлытау облыстарынан басқа өңірлердің барлығы қауіпті аймақта. Ал қатердің ең күшті аумақтарында 700 мыңнан астам халық тұрады және 127 мыңдай баспана бар. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов елді мекендерден қар шығаруды жеделдетіп, тасқынға әзірлікті күшейту қажеттігін баса айтты. Жергілікті әкімдіктердің берген мәліметіне сүйенсек, қазір ел бойынша 11 млн текше метр қар сыртқа шығарылған. Дегенмен апаттың алдын алуға селқостық танытып отырған аймақтар да жоқ емес. Айталық, Павлодар, Ақмола және Түркістан облыстарына 100-ден астам ескерту жасалған.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
-Өңірлердің әкімдері қауіпті аумақтарды әуеден жиі бақылап отыруы тиіс. Одан бөлек су басуы мүмкін деген жерлерге қазірден бастап бөгет салып, ағын судың бағытын бұруға жағдай жасау қажет. Осы мәселелерді қатаң назарда ұстауларыңызды сұраймын. Жұмыстардың барлығы тек тасқынның салдарымен күресуге емес, оның алдын алуға бағытталуы тиіс.