Мектеп оқушыларының сөмкесі ауыр
Соңғы кезде ата-аналардан осындай шағымды жиі естиміз. Айтуларынша, әсіресе бастауыш сыныптағыларға қиын. Мектепке күнде арқалап баратын 4-5 кітаптың өзі бұғанасы қатпаған баланың омыртқасына оңай соқпайды. Айта кетейік, бұл мәселені өткен жылы Президент те тілге тиек етіп, проблеманы цифрландыру арқылы шешуді тапсырған болатын.
Астаналық Бақыткүл Қапсұлтанқызының төрт баласы бар. Олардың үшеуі мектеп жасында. Көпбалалы ана: «Бәрінің де сөмкесі ауыр», – дейді. Ал 1 сыныптағы қызы үлкендердің көмегінсіз сабаққа баруы мүмкін емес. Себебі кітаптың өзін әрең көтеріп жүрген баланың басқа жүгі де жетерлік.
Бақыткүл Жақия, қала тұрғыны:
- Ол қараңыз, екінші аяқ киім апарады. Оның өзі бір сөмке болады. Дене шынықтыруға киім апарады. Оның өзі бір сөмке болады. Сонда бір бала 3 сөмке апарады ғой мектепке. Менің қызым мысалы, 3 сөмке апарады. Өзіміз көтеріп апарамыз, өзіміз көтеріп алып келеміз. Рас, ол ауыр.
Ал Президент тапсырмасынан соң Оқу-ағарту министрлігі қандай жұмыс атқарды? Ведомство өкілдерінің сөзінше, оқулықтардың электронды нұсқасын жасау 2 жыл бұрын басталып кеткен. Қазір жоғарғы сынып 60, ал бастауыш сынып кітаптарының 85% цифрландырылыпты. Ал биылғы қаңтар айынан бастап ел бойынша 15 мектепте олар пилоттық режимде енгізіліп жатыр. Бірақ әзірге тек 1-сыныптар планшетке көшкен. Себебі солардың ғана онлайн кітабы толық дайын.
Гүлжанат Әбдіраманова, №67 мектеп-гимназия директоры:
- Ол сыныптың оқулықтары үйлерінде. Мектепте тек қана алдарына құрал беріледі, планшеттер және сол планшетпен бала сабақ кестесі бойынша сабақтарын оқитын болады. Оның да өзінің арнайы әдістемесі бар. 15 минут қана қарап отырады. 15 минуттан кейін электронды оқулықты жауып қояды да, әрі қарай жұмыс жасайды. Тақтада балаға барлық мүмкіндік жасалған.
Дәрігерлердің сөзінше, ауыр сөмке арқалаған бала сколиозға шалдығуы мүмкін. Яғни омыртқаға зиян. Жалпы Денсаулық сақтау министрлігінің ережесі бойынша күн сайынғы оқулықтардың жиынтық салмағы 1-3 сынып оқушылары үшін – 1,5-2 келіден, 4-5 сынып білім алушылары үшін – 2,5 келіден, 6 мен 7 сыныпта– 3-3,5 келіден, ал 8-сыныптан жоғары 4-4,5 келіден аспауы қажет.
Дамир Берікұлы, тілші:
- Санитарлық талаптарға сәйкес 1-3 сынып аралығындағы оқушылардың сөмкесінің салмағы 2 келіден аспауы тиіс. Менің алдымда қазір бірнеше сөмке жатыр. Бұлар 1-сыныптыкі. Мәселен, мынаны өлшеп көрейік. 2,65 кг. Келесі сөмкені көрейік. 2,55 кг екен.
Дәл осы сөмкелердің өз салмағын таразыға кейіннен бөлек тарттық. Байқағанымыз, олар 1 келіден асып кетті. Ал талап бойынша бастауыш сынып оқушысына 700 граммнан асатын сөмке сатып әперуге болмайды. Сондықтан мамандар: «Ата-аналар осыған да мән берсе», – дейді. Себебі алдағы уақытта мектептер цифрлық оқулықтарға көшкен күннің өзінде дәстүрлі қағаз кітап қолданыстан шығарылмайды. Оны тек мектепке апару ғана азаюы мүмкін.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Қанат Әбілдин, Азамат Сәметов