Хабар телеарнасы

Қазақтың қайсар қыздары Түркияда зардап шеккендерге көмек көрсеткен

Біздің кейіпкерлеріміз, Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Алматы қаласы «Апаттар медицинасы орталығының» қызметкерлері Марал Тоқбергенова мен Айна Сопақова Түркияға зілзаладан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін алғашқылардың бірі болып барған. Ерлермен бірге иық тіресе еңбек еткен олар Газиантеп қаласының жергілікті тұрғындарынан бөлек, ашық аспан астында, дамылсыз жұмыс істеген өзіміздің құтқарушыларға да медициналық көмек көрсетті. 

«Зілзала ошағында бірінші рет жұмыс істеуім», - дейді Марал Тоқбергенова. 11 жылдық еңбек өтілінде елімізде болған түрлі төтенше жағдайларда зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетіп, қол ұшын созған Марал былтыр қаңтар оқиғасы кезінде оқ пен оттың ортасында жүріп, жаралыларды емдепті. Ал Түркия жерінде әріптестерімен бірге жылжымалы модульді госпиталь құрып, күйзелістен қан қысымы көтерілген, суық тиген, созылмалы аурулары мазалаған жандарға тізе бүкпей қызмет көрсетті. «Туыстарынан, баспанасынан айырылған жандарды көргенде жүрегіміз езілді», - дейді Марал.

Марал Тоқбергенова, қалалық «Апаттар медицинасы орталығының» фельдшері:
- Апалар, әйел адамдар далада жүрді, жас балалар кішкентай екі жасар үш жасар балалар ұйықтап жатқан кездегі үстіндегі киімдерімен барлығы аяқтарында шұлық та жоқ, сондайды көрген кезде әрине, енді адам болғаннан кейін жүрегің ауырады. Жылағың келеді көрген кезде, бірақ сыртқа шығармаймыз оны, көрсетпейміз. Бізге қарап, үмітпен қарап тұрған көздерін көрген кезде қорқыныштың барлығын жеңіп, сол жерде барынша қолымыздан келгенше көмегімізді көрсеттік.

Әрбір шұғыл іссапар Айна Сопақованың есінде. «Жүрегіңде сызы қалған соң, жадыңнан да өшпейді», - дейді ол. Оның апаттық медицина орталығына жұмысқа орналасуы да ерекше. Төтенше жағдай кезінде көз жұмған құрбысы Айнаның осы қызметті жалғастыруын өтініпті. Содан бері 20 жыл адам өмірін ажалдан арашалап қалуға жанын салып жүр.

Айна Сопақова, қалалық «Апаттар медицинасы орталығының» медбикесі:
- 2007 жылдан бастап 3 жыл қатарынан Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, «Бурное» ауылында төтенше жағдай болды. 2-3 метрлік қар жауып, жол жабылып 59 ауыл орталықтан оқшауланып қалды. Зардап шеккендерді арнайы техникамен құтқаруға тура келді. Жүкті әйелді перзентханаға дейін жеткізгеніміз есімде. Нәрестенің есімін менің құрметіне Айна деп атаған еді.

Түркиядағы зілзала ошағында қызмет еткен қазақстандық құтқарушыларға жергілікті халықтың алғысы орасан. «Ризалықтарын білдіріп, естелік суретке түсуді өтінгендер де болды», - дейді Айна Сопақова. 

Айна Сопақова, қалалық «Апаттар медицинасы орталығының» медбикесі:
- Түрік халқының көзіндегі мұңды көріп, жанымыз ауырды. Олар да бізбен бірге бірнеше күн кірпік қақпай, құтқарушылардың туыстарын аман алып шығуын күтті. Бәріміздің көзімізде бір үміт, тірі болса екен дедік. Үйінді астынан тірі шыққандарды көріп бірге қуандық.

Жуырда ғана еліміздің Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Түркияда құтқару жұмыстарына қатысқан және гуманитарлық жүктерді жөнелтуге атсалысқан қызметкерлерге мемлекеттік және ведомстволық марапаттар тапсырды. Олардың қатарында Марал мен Айна да бар.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев, Сержан Жұмабаев, Радик Жакупов