Хабар телеарнасы

«Амал» мерекесі батыста ерекше тойланады

Арыстанбек Кенже, тілші:
- Ар ма, ағайын! «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, Күлімдесіп көрісіп, мауқын басып...»,- деп хакім Абай жырлаған тіршілік бастауындай көктем де келіп жетті. Халық қыстан аман-есен шыққанына, көктемге аяқ басып, туыс-туған, көрші-көлеңмен жүздескеніне қуанып, қол алысып, төс қағысады. Міне Махамбет атындағы қазақ академиялық драма театры алдында ұйымдастырылған шара осынау гүл көктемге деген ыстық ықыластың, әз-Наурызға арналған ынтазар сағыныштың көрінісіндей. Мерекелік шаралар мұнымен шектелмейді,- дейді ұйымдастырушылар.

Әбіл Жоламанов, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы: 
- Наурыз мерекесін тойлау «Амал-көрісу күнінен басталады. Ол қазақтың ұлы мерекесі Әз-Наруызға ұласады. 22 наурызда облыс орталығындағы Исатай-Махамбет алаңында үлкен концерттік шара өтеді. Онда қазақтың ұлттық ойындары, салт-дәстүрлеріне негізделген шаралар.

Арыстанбек Кенже, тілші:
- «Амал» мерекесі Маңғыстау, Атырау облыстарында тегіс, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының кей жерлерінде аталып өтіледі. Сондай-ақ бұл мерекені көршілес Ресейдің Астрахан, Саратов, Орынбор өлкесіндегі қазақтар, Қарақалпақстанның қазақтар көп қоныстанған өңірлері де тойлайды. «Амал» мерекесі құтты болсын, ағайын!