Балалар арасында көз ауруы белең алып барады
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жанарына шағымданатындар жыл сайын көбейеді. Қазір 37 мыңға жуық бала офтальмологтардың бақылауында тұр. Ал бұған не себеп? Көз ауруының алдын алуға бола ма?
Қызылордалық 8 жасар Айзерені әкесі көз дәрігеріне алып келді. Себебі көруі нашарлаған. Баланы қараған маман, енді ол үнемі невропотологтың бақылауында болуы тиіс деген кеңес берді. Себебі жанардың әлсіреуі – жеткіншектің дамуына тікелей әсер етеді.
Оңғар Кенжебаев, қала тұрғыны:
- Көбінесе соткада отырады. Бір жағынан өзінің денсаулығы үшін де тексеріп жатырмыз, шамалы көзінің несін бәрін қарап. Бір жағынан сол телефонның зиянды да келіп тұр деп ойлаймыз енді.
Дәрігерлердің сөзінше, жалпы балалар арасындағы көз ауруларын тұқым қуалайтын, гигиеналық және рефракцияның бұзылуы деп 3 үлкен топқа бөлуге болады. Ал қазір соңғысы жиі кездеседі. Яғни оптикалық жүйенің ақауы. Оның ішінде әсіресе, миопия өршіп тұр. Ол да ата-анадан беріліп, адамның иммунитетіне байланысты болады. Алайда көп жағдайда бұған жақын қашықтықта ұзақ уақыт жұмыс істеу әсер етеді.
Жібек Дауытбаева, жоғары санатты офтальмолог:
- 5-6 жасқа дейін баланың көз алмасының анатомиялық дамуы барысында теледидар көру, гаджеттерді ұстау сияқты, сонымен қатар отырықшы жағдайды азайту қажет. Көптеген ғылыми зерттеулерді жүргізу барысында анықталды. Осы миопияның дамуы болсын, рефракцияның нашарлауы болсын оның бірден-бір алдын алу шарасы ретінде күндізгі уақытта баланың далада кем дегенде 2 сағаттай серуендеуі қажет.
Ал күні бойы телефон немесе теледидарға телмірген балада көз ауруы пайда болуы мүмкін. Ұзаққа созылса, тіпті, асқынып, көрудің нашарлауына алып келеді. Мамандар, мектеп табалдырығын алғаш аттаған оқушылардың да жанарына оңай емес екенін айтады. Себебі жүктеме көбейеді. Сол себепті ата-ана баласының күн тәртібін реттеп отыруы тиіс.
Дамир Берікұлы, тілші:
- Дәрігерлер, адам көзінің толық қалыптасуы тіпті, 18 жасқа дейін жалғасатынын айтады. Яғни қос жанардың күтімі тек балалық шақпен ғана шектелмейді. Сондықтан балаңыз кәмелетке толғанша оның көзіне ауыртпашылық түсіретін дүниелерді барынша азайтып, арнайы жаттығулар жасатып, ең бастысы таза ауада көп серуендеген абзал.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Райхан Тәжібаева, Болатбек Табалдиев, Дархан Күнтуов