Түркістан облысында екі елді мекен сапалы ауызсу жүйесіне қосылады
Аймақтағы кейбір ауылдарда су құбыры кеңес заманында салынғандықтан, әбден ескірген. Соңғы жылдары «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында тозығы жеткен құбырларды ауыстыру жұмыстары басталды. Түлкібас ауданы орталықтандырылған ауызсу жүйесімен 98% қамтылған.
Мыңнан аса түтіні бар Балықты ауылы ауызсумен әлде қашан қамтылған. Алайда елді мекен аумағы жылдан жылға үлкейіп келеді. Жаңа үйлер салынып, бірнеше көше түскен. Сондықтан жаз айларында су азайып, қысым төмендейді. Салдарынан биікте орналасқан үйлерді тіршілік нәрімен қамтамасыз етуге орталықтандырылған су жүйесінің күші жетпей қалады.
Роза Әлішерова, Балықты ауылының тұрғыны:
- Осы наурыз айы толық су келсе, аладағы сәуір айынан бастап су мүлде болмайды. Сондықтан біз кір жуғыш машинаны қолдана алмаймыз, қыста ғана 1-2 ай қолданамыз болды. Жазда шелек алып, көше-көшемен флягпен тасимыз. Су мәселесі өте қиын.
Ауыл сыртынан жаңа ұңғыма қазылып, су тарату станциясы салынған. Мамандар жобаның іске қосылумен 3 көшедегі 254 абонент толықтай таза ауызсумен қамтылатынын айтады. Бұдан бөлек, Азаттық ауылында да су құбырлары бітеліп, жаз айларында су шықпай қалады. Жауаптылар мұндағы жаңадан салынған станция 869 абонентті үздіксіз сапалы ауызсумен қамтуға қауқарлы екенін айтады.
Дүйсен Мақсұтбеков, Азаттық ауылының тұрғыны:
- Құбырлардың бәрі ескіріп, іші бітеліп, су жүрмей қалды. Судың қысымы түсіп кетті. Тек орталық көшелерге жетеді де қалғандарына жетпей қалды. Сол мәселелерді ауыл көтеріп едік, шешімін тапты. Міне, Алла қаласа суымыз кіріп жатыр.
Азамттық ауылында 18 шақырым су құбыры ауыстырылып, 700 текше метр су жинайтын 2 су қоймасы жасақталған. Ал биіктігі 25 метр су мұнарасының басына сағатына 50 текше метр су жинап тарататын қондырғы орнатылған. Жалпы жоба құны 400 млн теңге. Алдағы мусым айында екі елді мекенге де таза ауызсу беріледі деп жоспарланған. Бұдан бөлек, биыл тағы бірнеше елді мекеннің ауызсу құбыры ауыстырылмақ.
Мейіржан Жалайыров, аудандық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Тағы да 4 елді мекеніміздің ауызсу құбырларын жаңарту мақсатында қайта құру жұмыстарына 4 елді мекенге аудандық бюджеттен қаржы қарап, қазіргі таңда жобалық сметалық құжаттарын әзірлеп жатырмыз. Оның бірі – Машат елді мекені, Мыңбай, Дәубаба мен Жабағылы елді мекендері.
Жауаптылардың айтуынша, 2025 жылға дейін аудандағы ауызсу жүйесі тозған барлық елді мекендегі су құбырлары толық ауыстырылмақ.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов