Қостанай облысында асыл тұқымды жылқы азайып барады
135 жылдық тарихы бар жылқы зауытының ұрықтандыру зертханасы сегіз жыл бұрын жұмысын тоқтатқан. Білікті кадрлар жоқтың қасы. Еліміздегі ең таңдаулы жылқы зауытының құрдымға кетуіне не себеп?
Еліміздегі жалғыз мемлекеттік жылқы зауытының қазіргі күйі осындай. Қылқұйрықтылар саз балшықта әбден тозығы жеткен қоршаулардың ар жағында серуендейді. Кезінде шаруашылықта 300-ден астам асыл тұқымды жылқы болған. Қазір соның 50-і ғана қалды. Тұрақты қаржыландырудың болмауынан жабдықтардың бәрі ескіріп, зертханасы жабылған. Қалған құрал-жабдықтар талан-таражға түсті. Бар үміт қолда бар санаулы айғыр мен биеде.
Айгүл Амандықова, «Қазақ тұлпары» жылқы зауытының басқарма төрағасы:
- Бие 25 бас болды. Мен келгенде төрт қана бие болған. Өйткені инфекция туындағаннан төрт бие қалды. Енді бізде 25 бас. Сонымен жұмыс жасаймыз. Төрт айғырымыз бар.
Ұзақ жүріске, тебіндеп жайылуға төзімді қостанайлық жылқыларды сақтап қалуда селекциялық қатаң іріктеу болу керек. «Ол үшін қаржыландыруды ұлғайтқан жөн»,– дейді зауыт басшылығы.
Айгүл Амандықова, «Қазақ тұлпары» жылқы зауытының басқарма төрағасы:
- Бізде қаржыландыру базасы осы жылдан тоқтап қалды. Өйткені ғылыми жобалар болмаса, осы кәсіпорынға қаржы берілмейді деп сондай шектеу қойды.
Кадр тапшылығы да өткір мәселе. Зоотехник, ветеринар жоқтың қасы. Одан қалды жалақы мардымсыз.
Сейдазым Бөкеев, жұмысшы:
- Кейінгі кезде бермей жатыр. Айлығы 120-130 мың. Аз енді. Адамдар келмей жатыр жұмысқа.
Қазақтың қазанатын қайта түлету үшін бәйгелер ұйымдастырып, ұлттық спорт сүйер қауымның қызығушылығын арттыруда атқарылған жұмыс аз емес. Бапкерлер қостанайлық жылқы тұқымдарын жарыстарға дайындауды бастап кетті.
Игілік Қарманов, атбегі:
- Екі жыл өтті. Үшінші жыл биыл тағы да 80 млн жүлде қорына тағы ақша бөлінді. Жаңа жарысқа қатысып жатыр. Енді бұл үлесін қосып жатыр деген сөз ғой.
Кәсіпорынға қолдау мемлекет деңгейінде көрсетілмесе, бір-екі жылдың ішінде жирен қасқалар тұқымдарының жойылып кету қаупі бар. Бұл мәселесі депутаттарды да алаңдатып отыр.
Ғауез Нұрмұхамбетов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Қазір жылқы зауыты Ауыл шаруашылығы министрлігінің қарамағында. Бірақ ешқандай ілгерілеушілік байқалмайды. Қостанайлық тұқымды сақтап қалу жөнінде Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдадық. Мақсатымыз - арнайы заң қабылдау арқылы асыл тұқымды жылқыларды сақтап қалу.
Заң мақұлданғанша, шаруашылық өз күнін өздері көреді. Бұдан басқа амал жоқ. Зауыт басшылығы кәсіпорынның бұрынғыдай Президент әкімшілігінің қарамағына берілуін құптап отыр.
Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров