Отбасылық жанжал: жауапкершілік күшейеді
Елімізде жыл сайын полицияға 100 мыңнан астам отбасылық зорлық-зомбылық бойынша шақырту түседі. Алайда жәбірленушілердің 60 пайызы арызданудан бас тартады екен. Енді мамандар заңнамаға өзгерістер енгізбек. Бұдан былай жәбірленуші арызданбаса да, куәгерлердің айғақтары, бейнебақылау камералары, DVR жазбалары іс қозғауға жеткілікті болады. «Негізінен мұндай әрекеттерге 30 бен 50 жас аралығындағы жұмыссыз ер адамдар жиі барады», - дейді мамандар. Айыпталушының қамау мерзімі де ұлғайтылып отыр. Сондай-ақ ерлі-зайыптыларға мәмілеге келу үшін енді бір ғана мүмкіндік беріледі.
Ренат Зұлқайыров, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары:
- Біз заңнаманы жетілдіру аясында тиісті алгоритмдерді әзірледік. Полиция қызметкері шақыртумен келген кезде бастысы ол жәбірленуші мен агрессорды ажырата алуы тиіс. Осы орайда біз азаматтарға мынаны ескерткіміз келеді: егер өміріңізге қауіп төніп тұрғанын айту мүмкіндігі болмаса, онда халықаралық ым-ишара тілін қолдану қажет. Бас бармақты алақанға қарай бүгіп, қалған төрт саусақпен жұдырық етіп жұмса, ол азаматқа қауіп төніп тұрғанын және көмек қажет екенін білдіреді.